Елімізде еңбекке жарамды адамдардың шамамен 30 пайызы зейнетақы жүйесінен тыс қалған

Dalanews 29 шіл. 2025 11:41

Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жарты жылдықта 4,6 пайыз маңайында тұрақтады. Еңбек нарығының негізгі тірегі – 7,1 миллион жалдамалы қызметкер. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – шамамен 2,1 миллион. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлім етті,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік өкілі еңбек нарығындағы негізгі бетбұрыстар мен сын-қатерлерге жеке тоқталды.

Басты үрдістер қатарында цифрландырудың кең етек алуы, электронды сауданың артуы және фриланс саласының дамуы тұр. Бұған қоса, елдегі демографиялық дүмпу еңбек нарығына қысымды күшейтуде. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2035 жылға дейін жыл сайын еңбек жасындағы жастар саны 360 мың адамға көбейіп отырады. Мұның барлығы жұмыс орындарына сұранысты еселеп арттырады.

Биахметовтың айтуынша, басты қиындық – еңбек нарығы мен экономика қажеттілігінің сәйкес келмеуі. Кейбір мамандықтар біртіндеп сұраныстан шығып, өзектілігін жоғалтып жатыр. Есесіне IT-мамандары, дрон операторлары, жеке тәлімгерлер сияқты жаңа мамандық иелеріне деген қажеттілік күрт өскен.

"Аймақтар арасында да айқын теңсіздік бар. Еліміздің оңтүстігінде жұмыс күші артығымен болса, солтүстікте, керісінше, маман тапшы. Ішкі көші-қон есебінен ірі қалаларда еңбек нарығы шектен тыс толып, әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымына салмақ түсіп жатыр. Ал кейбір өңірлерде экономиканың әртараптанбауы жұмысқа орналасу мүмкіндігін тарылтып отыр", – деді вице-министр.

Ол еңбек нарығындағы тағы бір күрделі мәселе ретінде көлеңкелі жұмыспен қамту үлесін атады.

Қазақстандағы еңбекке жарамды адамдардың шамамен 30 пайызы зейнетақы жүйесінен тыс қалып отыр.

Сонымен қатар жекелеген салаларда еңбек стандарттарының болмауы да мәселені қиындата түседі.

Сарапшылардың есебі бойынша, алдағы жылдары еңбек нарығына 3 миллиондай маман қажет болады. Бұл кәсіптік стандарттарды қайта қарап, білім беру бағдарламаларын жаңартуды және жұмысшыларды жаппай қайта даярлауды талап етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар