Елімізде 53 жаста зейнетке кімдер шыға алады? Министрлік түсіндірді

Қаракөз Амантай 21 шіл. 2025 16:43

Қазақстанда ерлер үшін зейнетке шығу жасы — 63, ал әйелдер үшін — 61 жас. Дегенмен кейбір азаматтар бұл жасқа жетпей-ақ зейнетақы алуға құқылы. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнел Шенеева бұл туралы нақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, бес және одан да көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жастан бастап зейнетке шығуға құқылы.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударып келген, 55 жасқа толған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады.

"Бұл төлем зиянды жағдайда еңбек еткен азаматтарға зейнет жасына жеткенге дейін жұмыстан кетіп, әлеуметтік қолдау алуына мүмкіндік береді", — деді Шенеева.

Еске салсақ, бұл шаралар еңбек жағдайына байланысты зейнетке ертерек шығу мүмкіндігін қарастырады және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар