Су және ирригация министрлігіне қарасты бассейндік инспекциялар ел аумағындағы 1502 гидротехникалық құрылысқа жан-жақты тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Имашеваның сөзінше, тексеріс нәтижесінде анықталған олқылықтарды жоюға қатысты құрылыс иелеріне арнайы ұсыныстар әзірленді.
"Барлық су қоймасы белгіленген жоспарға сәйкес жұмыс істейді, ал көктемгі су тасқынына байланысты бұл кесте түзетіліп отырады. Қар суының көлемін басқару мақсатында солтүстік, шығыс, орталық және батыс өңірлердегі су қоймаларынан артық су ағызылды. Ал оңтүстік аймақтарда су қоймаларының жұмысы су жинау режимінде жалғасуда", – деп мәлімдеді ол.
Айта кетсек, Қазақстанда 8 бассейндік инспекция бар. Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас бассейндері.