Электоралдық процесс – бұл тек сайлау өткізу ғана емес, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті қалыптастыратын күрделі саяси жүйе. Ғылыми тұрғыда электоралдық процесс — билік ресурстарын бөлу мақсатында саяси субъектілер мен электорат арасындағы нормативті түрде реттелген өзара әрекеттестік жүйесі болып саналады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Халықаралық тәжірибеде election, electoral campaign, electoral system секілді ұғымдар кеңінен қолданылады. Егер election — дауыс беру мен сайлаушылардың таңдау жасау әрекеттерін сипаттаса, electoral campaign — үміткерлер мен партиялардың сайлау алдындағы саяси белсенділігін білдіреді. Ал electoral system ұғымы сайлау институтының жұмыс істеу механизмдерін, құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қамтиды.
Электоралдық процестің негізгі элементтерін атап көрсетсек: сайлау заңнамасы, дауыс беру процедуралары, дауыстарды мандатқа айналдыру тәсілдері, қатысушылар арасындағы коммуникациялық байланыстар, қаржылық және технологиялық инфрақұрылым, сондай-ақ электораттың саяси-құқықтық мәдениеті.
Электоралдық процестің маңызды бөлігі — электоралдық мінез-құлық, яғни азаматтардың сайлаудағы белсенділігі мен таңдау жасауға деген көзқарасы. Бұл құбылысқа әлеуметтік, экономикалық, білім деңгейі мен құндылықтық бағдар сияқты факторлар әсер етеді.
Қазақстанда электоралдық мәдениетті дамыту мен сайлау процестерінің ашықтығын арттыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалып келеді. 2024 жылы еліміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қатысушы елдері арасындағы Сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесіне (КС РИО СНГ) қосылды. Ал 2025 жылдың қыркүйегінен бастап бұл кеңесте төрағалық ету құқығы Қазақстанға өтті. Бұл – еліміздің сайлау жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалуының айғағы.
Электоралдық процестерді жетілдіру – «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» сияқты мемлекеттік реформалардың өзегі болып табылады. Бұл бағыттағы басты мақсат — әрбір азаматтың дауысы естілетін, әр таңдауы бағаланатын әділетті қоғам құру.
 
                         
                     
                                     
                                     
                            