Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты
Фото: Азаттық, Коллаж: Dalanews.kz

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Ол мемлекеттік қызметтегі лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен былтыр сотталған болатын, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот Қожағапановтың жазасының өтелмеген екі айлық мерзімін айыппұлмен алмастыру туралы шешім қабылдаған.

Ведомствоның түсіндіруінше, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру немесе сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін тек сот қарайды.

Еске салайық, 2025 жылы Ерлан Қожағапанов үш жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылған еді.

Тергеу дерегіне сәйкес, ол 2018 жылы өткен Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында заңсыз әрекеттерге жол беріп, соның салдарынан мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.