Экс-полицей көлігімен қаққан баланың жағдайы ауыр

Қаракөз Амантай 08 шіл. 2025 17:18

Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылында экс-полицей көлігімен басып кеткен баланың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне баланың әкесі айтты.

Тапа-тал түсте көліктің астында қалған 7 жастағы Жанарыс Төленнің жағдайы өте ауыр. Оны 42 жастағы бұрынғы полиция қызметкері көлігімен басып өтіп кеткен. Баланы қаққан бойда ол оқиға орнынан ізін суытқан.

"Баламның жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Екі рет ота жасалды, содан оңалмай тұр. Бауыры езіліп, өкпесі екі жерден тесілген", - дейді баланың әкесі Еркін Қалықбаев.

Күдікті сол Көкөзек ауылында учаскелік полиция инспекторы болып істеген. Кейінгі кездері мас күйде жүретін. Оқиға болған күні де мас болған, дейді баланың әкесі.

"Қаскелеңдік дәрігерлер облыстық балалар ауруханасына ауыстырамыз деп сол жаққа сұраныс жіберіп қойды, бірақ облыстық балалар ауруханасы әлі жауап қатпады. Баламның өкпесіне екі жеріне зонт қойған. Аяқ-қолы сынбаған сияқты, бірақ қозғала алмайды. Балам көзін ашады, бірақ тіл жоқ", - дейді Еркін Қалықбаев.

Жанарыс отбасындағы төрт баланың үшіншісі. Ата-анасы жеке кәсіппен айналысады. Талапты бала таэквандомен айналысқан. Тіпті талай рет жеңісті қанжығасына байлаған.

Алматы облыстық полиция департаменті учаскелік полицей оқиға болардан бұрын жұмыстан шығарылғанын айтады.

Жедел-іздестіру іс шаралары барысында Lexus RX 300 автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Аталған азамат полиция қызметкері емес, ол жол апатынан бұрын теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Бұл факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында ішімдікке сылқия тойып алған полицей қызметкері көлігімен алты жасар баланы басып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқаны туралы жазған едік.

Оқиға 4 шілде күні кешкі сағат тоғызға қарай Алматы облысына қарасты Көкөзек ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, рөлде учаскелік полиция инспекторы отырған. Ол көлігін артқа қарай жүргізіп келе жатып, көшеде ойнап жүрген баланы қағып кеткен.

Әлеуметтік желіге тараған видеода баланы көлікпен басып өткен жүргізушінің тіпті аялдап, жағдайды анықтауға ниет танытпағаны анық көрінеді. Ол сол бойда газды басып, ізін жасырған.

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, күдіктінің кім екенін әлі нақтыламады. Бірақ облыстық полицияның барлық жеке құрамы күдіктіні іздеуге жұмылдырылғанын хабарлады.

Қазір оқиға орнынан қашып кеткен инспекторға қатысты жедел іздестіру шаралары басталды. Әзірге зардап шеккен баланың жағдайы туралы ақпарат жоқ. Оқиғаның егжей-тегжейін құзырлы органдар тексеріп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар