Экс-депутаттың қос азаматтығы бар ма? Қордай ауданының прокуратурасы мәлімдеме жасады

Dalanews 18 қаз. 2022 09:40 1189

Бұған дейін Dalanews.kz Қордай аудандық мәслихатының экс-депутаты Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығына қатысты бірнеше материал жариялады.

Ішкі істер министрлігіне, Көші-қон полициясына, Жамбыл облыстық прокуратурасына, Қордай аудандық прокуратурасына Подшибякинада Ресей азаматтығының бар-жоқтығы туралы сұрау салған болатынбыз.

Ішкі істер министрлігі бізге жазған хатында шығарып салма жауаппен ғана құтылғандай болды.

Яғни қос азаматтықтың болу-болмауы біреудің жеке басының мәселесі екен. Оны үшінші жаққа жариялау заң бойынша тыйым салынатын құқықтық құпия көрінеді.

Сондықтан, біздің хатымызға одан артық жауап бере алмайтындарын жазыпты. Қысқасы, Татьяна Подшибякинада қос азаматтықтың бар-жоқтығы туралы мәлімет бермеді.

Осы аптада Қордай аудандық прокуратурасынан жауап хат келді.

Хаттың мазмұнынан түсінгеніміздей, Татьяна Подшибякина 2003-2012 жылдары екі мәрте Қордай аудандық мәслихатының депутаты болыпты. Ал оның қос азаматтығына қатысты мәселе бойынша көрші Ресей Федерациясына хат жазылғанын, бірақ ол жақтан әлі жауап келмегенін айтылған.



Бұл да шығарып салма сылтау. Әйтпесе, дәл қазір тілдей қағаз алу соншалық қиын шаруа болып па?

Көрші Ресеймен дәл қазір арақатынасымыз жаман емес. Екі мемлекет арасында ешқандай саяси келіспеушіліктер жоқтың қасы. Астана мен Мәскеу арасында күніне қаншама хат-хабар болып жататыны сіз бен бізге құпия болар. Бірақ мобилизациядан қашқан екі миллионға жуық орысқа уақытша отан болып отырғанымыз үшін болса да, Кремль жақтан құжат сұру қиындық тудырмас еді. Бұл да сылтау.

Ал сылтау себеп болмайды. Сондықтан, Татьяна ханымның қос азаматтығы туралы ақпараттың анық-қанығын білу үшін құзырлы мекемелерден әлі де нақты жауап күтеміз!

Екінші хат еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен келіпті.



Заң тілімен жазылған хаттың ең соңғы сөйлемінен ғана бізге қатысты жауапты таптық. "Ішкі істер министрлігіне барыңыздар" деген емеурінді әрең түсіндік. Бір мекеме екіншісіне, екіншісі үшіншісіне сілтеген сырғытпа жауаптар ғана. Басқа түк жоқ. Ал бізге Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығы туралы нақты мәлімет керек!

Мұндай сырғытпа жауаптар бізді қанағаттандырмайды. Бір Подшибякина туралы ақпарат мұншалық құпия болса, жүздеген, мыңдаған "татьяналар" туралы сұраудың өзі ұят!


Сонда Мемлекет басшысының қос азаматтық туралы тапсырмасы осылай сырғытпа сылтаулармен жауапсыз қала ма? Біз енді мұның «құпиясын» қай министрліктен немесе қай мекемеден сұраймыз?

https://dalanews.kz/del-qazir/82235-ishki-ister-ministrligi-qos-azamattyg

https://dalanews.kz/del-qazir/81920-qordaydyng-deputatynda-qos-azamattyq

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар