Бұрынғы Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы Данна Қарағұсова елімізден ғарышқа ұшатын алғашқы турист болмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Blue Origin компаниясының ресми сайтында жариялаған дерекке сүйенсек, Даннаның медиа, дистрибуция және іскерлік шаралар ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол Portals мультимодальды экожүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Сонымен қатар бұған дейін ол Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған.
Белгілі блогер әрі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков те экс-жұбайына қолдау білдірді.
“Балаларымның анасы 8 қазанда ғарышқа ұшқалы отыр. Данна Blue Origin компаниясының алғашқы қазақстандық ғарыш туристі болмақ. Сәттілік тілейік!” – деп жазды ол Telegram-арнасында.
Айта кетейік, бұған дейін Данна Қарағұсова Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған.
Туристердің қатарында кімдер бар?
Миссия құрамында франчайзинг компаниясының басшысы Джефф Элджин, инженер-электрик Клинт Келли ІІІ, кәсіпкер әрі зерттеуші Аарон Ньюман, украиналық инвестор Виталий Островский және аты-жөнін құпия қалдырған тағы бір ғарышкер бар.
Ақпараттарға сүйенсек, Blue Origin компаниясы New Shepard бағдарламасындағы 15-ші сапарын ұйымдастырмақ.
БАҚ дерегінше, ғарыш туризмінің құны шамамен 250 мың АҚШ долларын құрайды.