Екі рет құлаған 737 MAX ұшағын сатып алу қауіпті

Dalanews 22 қаң. 2020 08:57 950

Әйгілі Boeing компаниясы 737 MAX 8 ұшағын құрастыруды уақытша тоқтатпақшы, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.

Boeing компаниясының мұндай қадамға баруына соңғы уақытта дәл осы ұшақ түрінің жиі құлауы себепші болғаны анық.

Мамандар 737 MAX  8 ұшағын құрастыруды тоқтату АҚШ-та жұмыссыздың деңгейінің артуына әсер етуі мүмкін екенін алға тартуда. Өйткені осы ұшаққа қажетті жабдықтарды жеткізу ісімен ондаған кәсіпорын айналасатыны белгілі.

Егер 737 Max ұшағын құрастыруды бірден тоқтатын болса, көптеген кәсіпорындар өз өнімдерін саудалау мүмкіндігінен айырылады. Бірақ жолаушылар қауіпсіздігін жоғары орынға қойған Boeing компаниясы бұл ұшақты шығарудан бас тартпақшы.


Естеріңізге саламыз, 2018 жылы осы ұшақ Индонезияда апатқа ұшырап 189 жолаушы қаза тапқан болатын. Ал 2019 жылы Эфиопияда орын алған апат кезінде 157 адам опат болды. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде Boeing 737 МАХ 8 ұшағы екі рет құлады.

Осы жайттардан кейін Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті 2019 жылдың 13-наурызынан бастап Қазақстанда «Scat» әуе компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын пайдалану уақытша тоқтатқан болатын.

Өткен жылы FlyArystan компаниясы жолаушылар тасымалы үшін 30 Boeing 737 MAX 8 ұшағын 3,6 млрд долларға сатып алады деген ақпарат тараған болатын.


Бүгінде дүниежүзінің 50-ден астам елі аталған ұшақты жолаушылар тасымалында пайдалануға тыйым салған болатын. Олардың арасында Қазақстан да бар.

Айта кетуіміз керек, Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің Boeing 737 MAX 8 ұшағын қолданбауға қатысты шараларының мерзімі 2020 жылдың наурызында күшін жояды.

Кейбір елдердегі жолаушылар «өлім ұшағы» деген атауға ие болған бұл ұшаққа сатып алған билеттерін өткізіп, өздерінің бас амандығына баса мән беруде.

Енді қазақстандық лоукостер FlyArystan 737 MAX 8 ұшағын сатып ала алмауы қиынға соғып тұр. Бізге «өлім ұшағы» деген атауға ие болған қанатты машинаның не қажеті бар?

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар