"Екі жыл өтті ештеңе өзгерген жоқ". Сарапшы халықтың қалай алданғанын айтты

Dalanews 20 нау. 2021 16:52 857



Саясаттанушы Досым Сәтпаев елдегі бүткіл билік бір адамның қолында екенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл адамның аты - Назарбаев.

Әлбетте экс-президенттің биліктен толыққанды кеткеніне күмәнмен қарайтындар үшін бұл таңсық емес. 

“Назарбаев Тоқаевты тырп еткізбей отыр. Тоқаев Тұңғыш президенттің қалауын орындаумен ғана шектелуде”, – дейді бұл санаттағы аудитория. Және бұлай пайымдайтын қауымның қарасы көп. 

“Қазақстанда “қос билік” орнаған. Ақ Орда мен Кітапхана “қырғи-қабақ”, Тоқаев Назарбаевтың шырмауынан босап шыққысы келеді. Тәуелсіз шешім қабылдап, дербес билік құруды көздейді”, – деп долбарлайтын ағайын да бар. 

Назарбаевтың билікті біржолата тастап, өзі отыз жыл басқарған елді Тоқаевқа табыстап кеткеніне сенетін, әрі қарай Қазақстанды ұлы саяси өзгерістер мен экономикалық кемелдену күтіп тұрғанына шүбәланбайтын шоғыр да бар.  

Саясаттанушы Сәтпаев соңғы екі версияны жоққа шығарыпты. 


“Оның кеткені көзалдау екенін осыдан екі жыл бұрын ескерткенмін. Бұл кезекті саяси жүріс еді. Билікті Тоқаевқа табыстағанмен, бүтіндей тастап кеткен жоқ. Біз жартылай транзит дейтін дүдәмалдау кезеңге өттік. Тоқаев тақта отырғанмен, қолында билігі жоқ. Пәрменсіз. Дәрменсіз. Екі жыл өтсе де, ештеңе өзгермеді. 

2020 жыл мен биылғы жылдың басындағы оқиғалар  “Қазақстанда “қос билік” орнапты. Ақ Орда мен Кітапхана бақталас екен” деген алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды. Қазақстанда бір ғана билік бар. Ол Назарбаев билігі”, – дейді Сәтпаев.

Екі жыл өтсе де, ештеңе өзгермеген. Саясаттанушының пікірінше Назарбаев саяси алаңнан біржолата кеткенде ғана шынайы билік транзиті басталады. Ал оған дейінгінің бәрі имитация. Саяси реформалар басталды деп шулап жүргендердің көпшілігі өз сөзіне өзі иланбайды. 

Назарбаев тұрғанда саяси тоқыраудың шырмауынан шыға алмай, бір орында шыр көбелек айналумен боламыз. Соңғы Парламент сайлау соған дәлел. 

Сөй деген Сәтпаев биылғы науқанға қатысқандардың құрамын бір сүзіп шығып, сайлау нәтижесі 2016 жылғы көрсеткішті айнытпай қайталағанын айтыпты. 

“Себебі неде? Себебі бұл сайлаудың да, бұған дейінгі науқанның да сценариін жазған бір адам. Қазақстандағы сайлау сайқымазақ сияқты. Мұны көрген Еуропарламент те үнсіз отыра алмады. Елдегі демократия мен адам құқығының құлдырап бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігіне қатаң ескерту жасады, резолюция жариялады. Парламент сайлауына дейін де бірнеше скандалды бастан өткердік”, – дейді Сәтпаев. 

Бұл ретте ол 2019 жылғы Президент сайлауын алға тартып, халықтың сайлау нәтижесіне көңілі толмағанын, саяси науқанның әділетсіз өткенін айтып, алаңға шыққанын тілге тиек етіпті. 

Бұл бір деп қойыңыз. 

СИЗО-дағы азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өлімі де Батыс әлемінің Қазақстанға қатысты күдігін қоюлата түскен. Ағаділдің өлімінен кейін басқа да қоғам белсенділері арты-артынан қамауға алынған, елдегі жағдайға көңілі толмайтын азаматтарды жаппай қудалау басталған. 

Үкіметтік емес ұйымдар мен билікті саяси реформалар жүргізбегені сынға алған құқық қорғаушыларға қысым күшейген. 

“Ашығын айтқанда халықаралық қауымдастықтың Тоқаевтан көңілі қалды. Саяси реформа жүргізуге құлшына кіріспек болған президенттің бірде-бір уәдесі орындалған жоқ. Арық сөйлеп, семіз шыға алмады. Саяси партиялар, сайлау туралы заңды жатпай-тұрмай жарнамаласа да, шын мәнінде бұлардың демократиялық өзгерістерге еш қатысы жоқ. Саяси жүйе сол қалпында қалды. Ескі жүйенің монополиясы қаз-қалпында тұр. Белсенді азаматтарды екі шоқып, бір қарап, күні-түні бақылауда ұстауда”, – дейді Сәтпаев. 

Оның айтуынша егер саяси партиялар туралы заң барлық демократиялық канондарды ескеріп, сауатты жазылған болса, сайлау қарсаңында саяси алаңда жаңа партиялар пайда болар еді. 

Тоқаевтың орындалмаған уәделері, саяси бағытта жасалған шала-пұла дүниелер халықаралық қауымдастық алдындағы Қазақстанның саяси имиджін құлдыратып жіберген. 


“Жалпы реформа дегеннің өзі тез бұзылатын тауар. Оларды ерте бастан қолға алып, ерте бастан іске асыру қажет. Кешіктіңіз екен, іріп-шіри бастайды. Тоқаевтың реформалары дәл осы жағдайды бастан кешірді. “Еститін мемлекет” қағидасы сөз жүзінде қалды, ескі де жаңа жүйе мұндайға ешқашан бейімделе алмайды.

Халық сөзіне құлақ асу бүгінгі жүйенің табиғатына тән емес. Одан соң Тоқаев айтты деп, биліктегілердің бәрі оның ізіне ілесе кеткен жоқ. Осы отыз жылда олар имитация жасаудың қас шеберіне айналып алған. Сөйтіп халықтың көңілін аулаған болады. Іс жүзінде баяғы жартас, сол жартас. Тіскебасар жарытымды ас әзірлеуден қалған аспаздың аузына қарап отырмыз. Бұлардан бірнәрсе күтудің әбестік”, – дейді Досым мырза.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар