Екі жыл айлық алмау. «HALAL Әлемі» журналы құрылтайшысының көксегені не?

Dalanews 08 нау. 2017 04:25 882

Халал өнімдерді жарнамалайтын «HALAL Әлемі» журналының қызметкерлері мен журналистерінің жалақы алмағанына жақында екі жыл толады деп хабарлайды, serke.org сайты. Осы аралықта олар 100 мың теңгеден екі мәрте ғана ақша (аванс) алыпты. 2017 жылдан бастап журнал жұмысын тоқтатты. Басылымның құрылтайшы қожайындары қызметкерлердің жалақысын толық өтеуден бас тартып отырған жоқ. Араға уақыт салып 2 айлық жалақыдан төлеп, біртіндеп қарызды толық өтеуге ұжым жиналысында уәде берілген. Бірақ, ол ақшаны да «Иншалла, дүйсенбіде берем», «Дүйсенбі күні болмай қалды, енді осы аптаның жұма намазынан кейін берем, иншалла» деп, күн артынан күн, ай артынан ай өткізіп, созбалаққа салып, журнал қызметкерлерінің көзін төрт қылып әбден күттіріп, сілелетіп шаршатып болды. Сондай бір уәденің бірі – қызметкерлердің әрқайсысына 2 айлық жалақы қарызды өтеп тастау бүгінге белгіленген болатын. Бірақ, уәде тағы да орындалмады. Түс ауа журнал қожайынынан «Иншалла, мәселені ертеңнен бастап шешеміз» деген хабар жетті...

Айына бір рет шығатын, таралымы 5000 дана деп белгіленген «HALAL Әлемі» журналының алғашқы санын дайындау 2015 жылдың сәуірінде басталды. Журналдың бас редакторы - Арсен Саттар. Басылым мамыр айында салалық министрліктің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде тіркелген. Журналдың меншік иесі - «Хадийа» ЖШС. Ал оның Бас директоры – Дархан Сақтаған. Бірақ, ол журналистердің жалақысын төлеу-төлемеу мәселесін шеше алмайтынын, өзінің қолында қаражат жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, жалақы мәселесіне жауапты – «Хадийа» ЖШС-нің құрылтайшысы Қанат Әжібаев.

«Хадийа» директоры Дархан Сақтағанның өзі де осы күнге дейін жалақы алмапты. «HALAL Әлемінің» бас редакторы Арсен Саттардың да күйі осындай – қарамағындағы қызметкерлердің құқығын қорғауға шамасы келмейді. Айтуынша, оның өзіне де 23 айдың жалақысы төленбеген.

«HALAL Әлемі» журналын шығаруға онға жуық адам жұмылдырылған. О бастағы келісім бойынша, жалақы мөлшері әркімнің қызметіне қарай 300 АҚШ долларынан басталып, 1500 доллармен аяқталады. 2015 жылдың күзінде доллар қымбаттап кеткен кезде «Хадийа» ЖШС-нің құрылтайшысы Қанат Әжібаев қызметкерлерге жалақы төлеуді созбаққа салып жүргеніне өзін кінәлі санаса керек, валюта рыногындағы өзгерістерге қарамай жалақыға қатысты бұрынғы міндеттемені орындайтынын мәлімдепті. Бірақ, сол уәде сөз күйінде қалып, әлі күнге дейін жалақы қарызын өтемей келе жатыр.
«HALAL Әлемі» журналының қатардағы қызметкерлері Қанат Әжібаевті жыға танымайды. Көбіне ол журналистердің жалақысына қатысты түрлі сылтауын СМС хабарламамен жазып, басылымның бас редакторы арқылы қызметкерлерге жеткізеді. Қазір оның бір телефоны өшірулі, екіншісіне қоңырау барып тұр, бірақ оған жауап бермейді. Ол жөніндегі ашық ақпарат та мардымсыз, оның не істеп жүргенін адам түсініп болмайды. Интернеттен тапқан кейбір мәліметтерде Қанат Әжібаевтың «Қазақстан халал индустриясы» ассоциациясының Алматы филиалының директоры екені жазылған. Бұл ассоциация Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) тығыз байланыста жұмыс істейтіні белгілі.

«HALAL Әлемі» журналының қатардағы қызметкерлері Қанат Әжібаевті жыға танымайды. Көбіне ол журналистердің жалақысына қатысты түрлі сылтауын СМС хабарламамен жазып, басылымның бас редакторы арқылы қызметкерлерге жеткізеді. Қазір оның бір телефоны өшірулі, екіншісіне қоңырау барып тұр, бірақ оған жауап бермейді. Ол жөніндегі ашық ақпарат та мардымсыз, оның не істеп жүргенін адам түсініп болмайды. Интернеттен тапқан кейбір мәліметтерде Қанат Әжібаевтың «Қазақстан халал индустриясы» ассоциациясының Алматы филиалының директоры екені жазылған. Бұл ассоциация Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) тығыз байланыста жұмыс істейтіні белгілі. «Қазақстан халал индустриясы» – кәсіпорындардың өнімдеріне «халал» сертификатын беретін және осы қызметі үшін ақы алатын ұйым. Бұрын бұл ұйым тамақ өнімдерінің ғана «халал» немесе «халал емес» екенін анықтайтын. Қазір киім-кешек, жиһаз және басқа да тұрмыста тұтынатын заттарды сертификаттауды күшейтті.

«HALAL Әлемі» журналы да осы бағыт бойынша жұмыс істей бастаған. Діни сипаттағы уағыздың шегіне жеткені соншалық  – редакция қызметкерлері де үстіне киіп жүрген киіміне үңіліп, оның «халал» немесе «халал емес» екенін анықтауға тырысып, үнемі өз-өзіне күмәнданып жүретін жағдайға жетті. «Халал» белгісі бар азық-түлікті ғана тұтынуға көшті. Тіпті, қоғамдық көлікке мінгенде, асханаға тамақтануға немесе той-жиындарға барғанда терімен қапталған орындықтар мен дивандарға секемдене қарайтын халге душар болды. Әрине, кейде «халал» талаптары түрлі себептерге байланысты орындалмай қалады. Мұндайда "халал" жолын ұстанатым адам іштей өзін кінәлі сезінетіні белгілі. Діни сипаттағы журнал шығарып отырған журналистерге сондағы айтылатын уағыздың әсері өз дегенін істетеді екен. Сондықтан болса керек, қазір «HALAL Әлемі» басылымының қызметкерлері өздерін Құдайдың алдында кінәлі сезінетін күй кешіп жүр. Журнал қожайынының «Иншалла» деп бастайтын сөзі мен СМС хабарламаларынан кейін журналистердің жасқанып, өздерінің екі жыл бойы өтелмеген «табан ақы, маңдай терін» заңды түрде талап ете алмай, прокуратураға арыз жаза алмай күбежектеп имене беруінің себебі де осында. Діни сезімнің пернелерін дәл басқан «Халал» магнаттар адамдардың осы бір осал тұсын өз пайдасына жаратып жатыр. Олардың осы ісі «халал» ма?

 

Ораз Әлімбеков

 

Дереккөзі: serke.org

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар