Екі экс-вице-министр мен «Бірінші кредиттік бюро» басшысына қатысты тергеу аяқталды

Көркем Алдабергенова 20 нау. 2026 09:19

Бкі бұрынғы вице-министр мен «Бірінші кредиттік бюроның» басшысына қатысты резонанс тудырған іс бойынша тергеу аяқталған. Енді қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады. Тергеу нұсқасына сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын 2 миллиард теңгеге бағаланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, өткен жылдың жазында Қазақстанның қаржы секторында «Бірінші кредиттік бюро» компаниясының бас директоры Руслан Омаровтың ұсталғаны туралы ақпарат кеңінен тараған еді. Онымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы екі вице-министрі - Дәулет Арғындықов пен Ақмәди Сарбасов та қамауға алынған. Оларды ірі көлемдегі ақша беру сәтінде ұстағаны айтылған. Тергеу мәліметінше, Омаров шенеуніктерге 75 мың доллар апарған.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат «Бірінші кредиттік бюро» мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еншілес ұйым - «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастықтың заңсыз бөлігі аясында берілген. Бұл ұйым қазақстандықтардың табысы туралы барлық мәліметті жинайды. Ал мұндай ақпарат несие беру кезінде клиенттің төлем қабілетін бағалау үшін аса маңызды саналады. Банктер мен қарапайым азаматтар бұл мәліметтерді «Бірінші кредиттік бюро» және Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы алады.

Сонымен қатар, «Бірінші кредиттік бюро» аталған орталықпен ресми түрде, қол қойылған келісімдер негізінде жұмыс істеген. Бірақ бұл жағдайда орталық басшылығына не үшін пара берілгені тергеу барысында басты сұрақтардың біріне айналған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 2020 жылы орталықтың сол кездегі басшысы Дәулет Арғындықов «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровпен заңсыз келісім жасасқан. Соның нәтижесінде жекеменшік компания көрсетілген қызметтен түскен табыстың 35 пайызына дейін алып отырған. Ал дәл осы салада жұмыс істейтін Мемлекеттік кредиттік бюро 30 пайыз ғана табыс таба алған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, мұндай келісімнің кесірінен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» өз табысы азайған.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі Арғындықов орталыққа сұраныстарды кідіріссіз әрі көп көлемде өңдеуге мүмкіндік беретін ақпараттық сервистің орнатылуын мақұлдады деп күдіктенеді. Бір қарағанда, мұнда заңсыз ештеңе жоқ сияқты.

Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мен Мемлекеттік кредиттік бюроны байланыстыратын ақпараттық арналарға жүйенің жұмысын баяулататын зиянды бағдарлама әдейі енгізілген. Соның салдарынан «Бірінші кредиттік бюро» азаматтардың төлем қабілеті туралы мәліметті алуда басымдыққа ие болған. Демек, қызметтің жылдамдығына байланысты клиенттер осы бюроға көбірек жүгінген.

Істе екінші бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасовтың да рөлі көрсетілген. Өткен жылдың көктемінде ол Дәулет Арғындықовтың орнына «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті болып тағайындалып, алдыңғы басшы бекіткен шарттармен «Бірінші кредиттік бюро» басшылығымен жұмысты жалғастырған. Тергеу мәліметінше, ірі көлемдегі қолма-қол ақша соның үшін берілген.

Осыған байланысты Ақмәди Сарбасовқа пара алу және қызметтік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Ал оның әріптесі Дәулет Арғындықовқа қызметтік өкілетін асыра пайдалану, пара беру және зиянды бағдарламалық жасақтама орнату айыптары тағылып отыр. «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровқа қызмет бабын асыра пайдалануға қатысқаны және пара бергені үшін айып тағылған.

Құқық қорғау органдарының есебінше, орталыққа келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жеткен. Қылмыстық іс фигуранттарының 1 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove