ЕАЭО көлік саласына қанша инвестиция қажет?

Dalanews 28 мау. 2024 21:24 4305

Аймақ пен транзит ішінде тауарларды тасымалдауға «шексіз» мүмкіндіктер ашу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың көлік саласына 250 млрд доллардан астам қаражат салу керек. Бұл туралы бизнес-форумда Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) стратегиялық жобалар дирекциясының жетекшісі Виктор Лебедев айтты.

Лебедевтің сөзіне сүйенсек, банктің қатысушы мемлекеттері логистика өнімділігінің әлемдік рейтиңінде 79-123 орын алады. Сондықтан ЕАДБ жағдайды жақсартуға мүмкіндік мол деп отыр. Дирекция жетекшісі болашақта Орталық Азияның «алпауыт нарықтар арасындағы көпірге» айналуы мүмкін дейді. Дегенмен ол үшін инвестиция салу керек. 

«2030 жылға қарай аймақтағы тауар айналымы 38 пайызға өседі деп отырмыз. Бұл — өте үлкен көлем, оған көп күш салу қажет. Егер тасымал секторындағы барлық кедергіні реттей алсақ, онда елдер арасындағы тауар айналымын өсіруге және өнімділікті арттыруға әбден болады» дейді Виктор Лебедев.

Одан бөлек, ЕАДБ стратегиялық жобалар дирекциясының басшысы ЕАЭО импорттық азық-түлік өнімдерін өз өндірісінің аналогтарымен алмастырып қана қоймай, түрлі елдерден 600 миллионнан астам адамды тамақтандыра алады деп санайды. Ол өңірде 480 гектардан астам ауылшаруашылық жері бар екенін, дегенмен азық-түлікті қайта өңдеу және сақтау қуаты тапшы екенін атап өтті.

«Азық-түліктің біразы басқа елдерден әкелінеді. Импорттың 70 пайызына дейін біздің өңірдегі өндіріспен алмастырылуы мүмкін. Аймаққа жақын жерде азық-түлік жеткізетін үлкен базарлар бар: ең алдымен Қытай мен Үндістан, онда шамамен 3 миллиард адам тұрады» деп атап өтті стратегиялық жобалар дирекциясының жетекшісі. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар