Дипломаттарымыз Түркиядағы азаматтарға қауіпсіз орында қалуды ескертті

Dalanews 16 шіл. 2016 04:58 674

Қазақстанның Анкарадағы елшілігінің өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркиядағы төтенше жағдай бойынша мәлімет алғанын хабарлады. 15 шілдеде Түркияда кешкі уақытта әскери төңікеріс әрекеті болды.

– Елшілік күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, Ыстамбұл мен Анталиядағы консулдықтар жұмыс істеп жатыр. Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түрде мәлімдеме жасайды. Қазақстан билігіне Түркиядағы жағдай баяндалды, Президент хабардар болды, – деп хабарлады сыртқы саяси ведомствоның өкілдері.

Дипломаттың айтуынша, Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Түркияда жүрген қазақстандық азаматтарды үйден шықпауын ескертіп жатыр. «Түркияда жүргендерге, барлық студентке, жұмыс істейтіндерге ескерту жасап жатырмыз - барлығына хабарлаймыз, бақылауда ұстаймыз. Жағымсыз жағдайға түсіп қалмауы үшін үйден шықпауын ескертіп жатырмыз», – деді елшілік қызметкері.

Еске салайық, 15 шілдеде Түркияда әскерилер мемлекеттік төңкеріліс жасауға әрекеттенді. Атыстар туралы бірінші хабар Астана уақыты бойынша 01.00-де жеткен. Халықаралық агенттіктердің мәліметінше, Анкарада атыстар естілген, қала үстінде жойғыш ұшақтар мен тікұшақтар ұшып жүр, ал Ыстамбұлдағы әуежайға танктер жеткізілген. Елде мемлекеттік телеарнарал хабар таратуын тоқтатты. Анкарада Facebook және Twitter әлеуметтік желілері құлыпталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар