Дина Таңсәрі Черногориядан баспана сұрады — Бас прокуратура

Қаракөз Амантай 22 сәу. 2025 12:15 226

Қазақстанның Бас прокуратурасы “НеМолчи” қорының басшысы Дина Таңсәрінің Черногориядан саяси баспана сұрағанын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 15 сәуір күні Черногория соты оны экстрадициялау мәселесі қаралып жатқан кезде бостандыққа шығарған. Мұндай шешім Дина Таңсәрінің баспана беру жөніндегі өтінішінің қаралуы аяқталмағанына байланысты қабылданған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстан мен Черногория арасында қылмыскерлерді экстрадициялау жөнінде халықаралық келісім жоқ. Осыған орай, Дина Таңсәріні Қазақстанға қайтару мәселесі Черногорияның құзырлы органдарының шешімімен ғана жүзеге асады.

"Қазіргі таңда Дина Таңсәріге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі тоқтатылды", — деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смайылованың (Дина Таңсәрі) Черногорияда ұсталуына байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасаған еді.

Тергеу органдарының мәліметінше, Динара Смайыловаға қарсы алты бірдей қылмыстық іс қозғалған. Ол алаяқтық, жеке өмірге қолсұғушылық және жалған ақпарат тарату баптары бойынша күдікке ілінді.

2023 жылғы сәуірде Таңсәрі әлеуметтік желіде Өскеменде бір қыздың өз-өзіне қол салғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан.

Артынша ол қайғырып көңіл айту жазбаларын жариялап, зардап шеккен тарапқа адвокат жалдауға деп халықтан қаражат жинай бастаған.

Нәтижесінде, сот процесі кезінде 20 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Алайда сотта белгілі болғандай, адвокатты қыздың отбасы өзі жалдаған, ал жиналған қаражаттың істі қорғауға жұмсалмағаны анықталған.

Тағы бір жағдайда, Таңсәрі кәмелетке толмаған зорлық құрбанына көмек ретінде бірнеше миллион теңге жинаған. Бірақ тергеу мәліметіне сәйкес, бұл оқиға толығымен ойдан шығарылған, ал қаржы қор шотына емес, оның күйеуінің жеке картасына аударылған.

Сонымен қатар, Таңсәрі шетелде жүріп, жеке қажеттіліктері үшін қайырымдылық жинауды жалғастырғаны белгілі болды.

Кем дегенде жеті адам полицияға шағым түсіріп, алаяқтықтың құрбаны болғандарын мәлімдеген.

Сырттай тағайындалған жаза

Сот Дина Таңсәріні аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп сырттай күдікті деп таныды және қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті.

Бас прокуратураның ресми мәлімдемесі

Қазақстан ІІМ Интерполы Смайылованың Черногорияда жүргенін анықтаған, сол себепті Бас прокуратура оның экстрадициясы бойынша сұрау жолдаған.

«Бүгінде Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім жоқ. Осы себепті аталған шетелдік мемлекет Смайылованы беруден бас тартты.

Қабылданған сот шешіміне қарамастан, Қазақстанның құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастырады», – делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар