Ал аймақта шекерге тапшы екенін әкімдіктегілердің ешбірі мойындағысы келмейді. Шенділер «Саудагерлер қантты тығып отыр» дейді.
Асқар Көкеев, Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
– Қанттың көтерме бағасы қымбат. Мысалы, бізде мониторинг тобы қарап жүр. Дүкеншілер шекерін шығармай жүр. Негізі, дүкендерде шекер бар.
– Дүкендер тығып отыр ма?
– Ондай да мүмкін, бірақ бар.
Ақтөбедегі шағын дүкендер көптен бері қант сатуды қойған. Өйткені көтерме сауда орындарынан табу қиын.
Шекерді аймаққа тасымалдайтын компаниялармен келіскеннің өзінде саудагерлер қымбатқа шығатынын айтып отыр.
Бағаға қатысты тұрғындардың шағымымен қала әкімдігі жанындағы арнайы топ бірнеше дүкенге кіріп шықты. Дүкен сөресінде қант жоқ. Тек жалғыз бір дүкенде ғана бір қап шекер қалыпты.
Оның келісін 670 теңгеден сатып жатыр. «Бағасын көтеруден басқа амал жоқ» дейді дүкенші. Қант пен қоса, аймақта сұйық май бағасы да қымбаттаған.
– Неге дүкендерге шекер берілмейді. Қымбат қып әкеліп, қымбат қып сатамыз. Оны халық «Анвар» мен «Дина» базарына барып, екінің бірі кезекке тұра алмайды. Бізге шекер проблема. Сұйық майдың бағасы тағы көтеріліп жатыр, білетін шығарсыздар, – деді сатушы Бибігүл Бабырова.