Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы қызмет көрсету саласына қатысты міндеттемелерін жаңартатын заң жобасы Құрылтай отырысында қаралды, деп хабарлайды Dala News.
Депутат Д.К. Райханова заң жобасы Қазақстанның ДСҰ-ның қызметтер бойынша ішкі реттеу қағидаларына қосылуын көздейтінін айтты. Тиісті өзгерістер 2021 жылғы 2 желтоқсанда Женевада қабылданған.
Оның айтуынша, Қазақстанның қызметтерді ішкі реттеу қағидаларына қосылуы сауда-экономикалық интеграцияны дамыту және елдің жаһандық сауда жүйесіндегі ұстанымын нығайту бағытындағы кезекті қадам болмақ.
Бұл қағидалар қызмет көрсету саласындағы лицензиялау мен біліктілік талаптарына, сондай-ақ оларды қолдану рәсімдеріне қойылатын талаптарды нақтылауға бағытталған. ДСҰ материалдарында да Қазақстанның осы бағыттағы жаңа тәртіптерді әзірлеуге белсенді қатысқаны және олардың лицензиялау, біліктілік пен техникалық стандарттарға байланысты саудаға шектеуші әсерді азайтуға бағытталғаны көрсетілген.
Қазақстан аталған қағидаларды әзірлеуге қатысқан елдердің бірі. Оларды іске асыру қызмет көрсету саласындағы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, реттеудің ашықтығын арттыруға және нарық қатысушылары үшін түсінікті талаптар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қағидалар бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Біріншіден, лицензиялау рәсімдері ашық әрі негізді болуы тиіс. Екіншіден, өтініштерді қарау мерзімдері нақты белгіленіп, қабылданған шешімдер негізделуі қажет. Үшіншіден, электрондық сервистерді пайдалану кеңейтіледі. Төртіншіден, қызмет көрсетушілерге қойылатын біліктілік талаптары түсінікті әрі кемсітусіз болуы тиіс.
Сонымен қатар бұл қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу өкілеттігін шектемейді. Олар белгіленген талаптарды ашық және кемсітусіз қолдануды көздейді.
Райханованың айтуынша, жаңа талаптардың енгізілуі инвестиция тартуға, қазақстандық қызметтердің экспортын ұлғайтуға және елдің халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға ықпал етуі мүмкін.
ДСҰ талаптарына сәйкес, халықаралық келісімдер мен Қазақстанның ұйымға қосылу хаттамасы ратификацияланғаннан кейін елдің ішкі заңнамасының бір бөлігіне айналады.
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.