Freedom Inside '26

ДСМ Ербаянның қазасына байланысты мәлімдеме жасады

ДСМ Ербаянның қазасына байланысты мәлімдеме жасады
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

ДСМ дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрескенін, алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын атап өтті. 

Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды, - дейді ведомство өкілдері.

Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілген.

Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды. 2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды, - делінген хабарламада. 

Ербаян ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдаған. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілген. 

Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жан сақтау бөлімшесіне  кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды, - дейді ДСМ өкілдері.  

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскерде жүріп ауыр жарақат алғаннан кейін ұзақ уақыт бойы өмірі үшін күресті. Оның денсаулық жағдайы қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақстандықтар әскери бөлімде болған оқиғаның ақиқатын ашуды, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен еді.