Қазақстанда биылғы бес айдың ішінде алаяқтар дропперлердің көмегімен шамамен 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мысал ретінде Батыс Қазақстан облысында болған оқиға келтірілді. Онда жеті студент өздерінің банк шоттарына қолжетімділікті алаяқтарға бергені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Жауапкершілікке 216 адам тартылып, олардың 202-сі сотталған.
Бас прокуратура бұған дейін банк шоттары мен төлем карталарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азаматтарды банкке жүгініп, карталарын бұғаттауға шақырды. Сондай-ақ қылмыстық схемаға тартылғаны туралы өз еркімен хабарлап, құқық қорғау органдарына қылмыстың ашылуына көмектескен азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатыны айтылды.