Павлодар облысында жоғалған балықшы өлі табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
3 мамырда Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылы маңында, академик Сәтбаев атындағы канал учаскесінде 1963 жылы туған ер адам жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша ол 2 мамырда досымен бірге балық аулауға шығып, содан кейін байланысқа шықпаған. Оқиға орнына жедел түрде Павлодар облысы ТЖД жедел құтқару жасағының күштері жіберілген.
"Құтқарушылар арнайы жабдықтар мен моторлы қайықты пайдаланып, су айдынын тексерді. Сондай-ақ, жағада іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Әуеден мониторинг жүргізу барысында ұшу аппаратының көмегімен резеңке қайық табылды. Қайық маңынан 5 метр тереңдікте ер адамның денесі анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Мәйіт Екібастұз қаласының полиция қызметкерлеріне тапсырылған.