Домбырасын бортқа өткізбей қойған: Мақпал Жүнісова депутаттарға үндеу жасады

Қаракөз Амантай 07 қар. 2024 15:00 2879

Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Мақпал Жүнісова ұшаққа домбырасын алып кіру үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әнші билік өкілдеріне бұл жағдайдың бірнеше рет қайталанғанын еске салды. 

“Құрметті депутаттар, ұшаққа домбыраны өткізу мәселесі қайта туындап жатыр. Бұл жағдайды тезірек қолға алуларыңызды сұраймын! Әуе компания қызметкерлері домбыра деп көрсетпесе де, оны 59 мың теңгеге әрең өткіздік. Мұндай жағдаймен үшінші рет бетпе-бет келіп отырмын”, – деді Мақпал Жүнісова.

Әншінің шағымынан кейін FlyArystan әуе компаниясынан жауап келді.

Компания музыкалық аспаптарды тасымалдау бойынша арнайы белгіленген ереже бар екенін алға тартты.

“Егер аспаптың салмағы 5 кг-нан аспаса және көлемі 56x23x36 см-ден үлкен болмаса қол жүгі ретінде салонға алып өтуге рұқсат беріледі. Біз барлық өнер иелерінің еңбегін жоғары бағалаймыз және халқымыз үшін қасиетті домбыраның құндылығын түсінеміз.

Дегенмен барлық жолаушыға тең қарым-қатынас көрсету және ортақ ережелерді сақтау – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі”, – делінген FlyArystan хабарламасында.

Еске салайық, өнер иесі бұған дейін гастрольдік сапар аясында Қарағандыға жол жүріп бара жатқанда, әуежай қызметкерлері домбырасы мен концерттік бас киімін ұшаққа кіргізуге рұқсат бермегенін жеткізген еді. Видеоны әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Құрметті халайық, әуежайда отырмын. Қарағандыда концертім.

Домбырам мен баскиімімді "мұндай жүкті өткізуге болмайды, бірақ кішкентай чемоданыңызды алып өте беріңіз" дейді.

Сіздер сонымен келісесіздер ме? Баскиімді чемоданға тыға алмаймын. Майысып қалады", - деді ол.

Ашынған әнші амалы құрып, тағы бір орын сатып алған.

"Домбырам мен баскиіміме жеке орын сатып алдық. 65 мың теңге. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақтың домбырасын өткізбей, осындай болып жатыр. Енді гастрольге шықпаймын, заңды өзгертпесеңіздер, гастрольге бармаймыз", - деді халық әртісі.

Бұған дейін ұшақта домбыра алып жүре алмаған әншілер осы мәселені көтерген еді. Солардың бірі - айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай. Ол Мақпал Жүнісованың желідегі осы жазбасына пікір жазып, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалғанын айтты. 

"Қазақтың домбырасын сыйдырмаса, 

Не пайда ұшағыңның кеңдігінен?! - деп әуе компанияларға осы мәселені шешулерін сұрап жүргеніме 2 жыл болды! Бірде-бір қорытынды шығарған жоқ. Жоғарыдағылар да есітемеген адам құсап отыр ғой керең болып", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар