"Дождьтың" дауы". Газды қару қылған Путин Пушкинді "пушка" қылудан тайынбайды

Dalanews 09 жел. 2022 13:09 938

Путиннің Украинаға ашқан соғысынан кейін Ресейдегі либералды ой-пікірді жақтайтын ұйымдар мен ақпарат құралдарының көпшілігі жабылды немесе маңдайларына "иноагент" (Сталиннің кезіндегі "халық жауы" десек болады) деген маркировка басып қана жұмыс істеуге мәжбүр болуда. Бұған көбегендері шетел асты. Өзге елге кеткен ресейлік ақпарат құралдарының арасында «Дождь» телеарнасы да бар. Әйгілі арна Латвияны паналап, сол елде хабар таратып, Путин режимімен күресу үшін лицензиясын алған-ды. Күні кеше «Дождь» телеарнасы Латвияның заңын қасақана бұзып, қателіктерін түзетпегені үшін лицензиясынан айырылды.

Қазір Ресейдің шетелдегі либералдары ұлардай шулап, «Дождь» телеарнасына ара түсуде.

Арнаның бас директоры Наталья Синдеева тікелей эфирде еңкілдеп жылағаннан кейін «Дождь» арнасына жанашылырлық танытушылар Украинаның өзінде де пайда болуда.

Латвияның Электронды ақпарат құралдары жөніндегі Ұлттық кеңесі жетекшісі Иварс Аболиньш «Дождь» телеарнасына берілген лицензияны қайтарып алу "ақпарат құралына көрсетілген қысым" деп бұра тартқандармен келіспейтінін ашып айтты.

Сонымен «Дождь» телеарнасына қандай заң бұзып, нендей қателік жіберді? Соған тоқталсақ.

Иварс Аболиньштың айтуынша, телеарна бір емес үш рет қателікке бой алдырған.

Біріншісі, «Дождь» телеарнасы Латвия аумағында хабар тарату туралы лицензияға ие болған сәтте елдің хабар тарату заңы бойынша ақпараттарын латыш тіліне аударып, эфирде көрсетуге міндеттелген.

Бірақ, ресейлік журналистер ақпараттарын латыш тіліне аударып, бас ауыртпаған.

Бұдан кейін Латвияның Электронды ақпарат құралдары жөніндегі Ұлттық кеңесі оларға айыппұл салып, заңды өрескел бұзғандарын есіне салған.

Бірақ заңсыздықта өмір сүріп үйренген орыс журналистері айыптарын сезініп, айылын жинаудың орнына ақпараттарын латыш тіліне мүлде аудармайтынын ауызша айтып, өркөкіректік танытқан.

Екіншіден, «Дождь» телеарнасының тілшілері хабар тарату барысында Қырымды Ресейдің территориясы ретінде бейнелеген картаны пайдаланғаны да латыштарға түрпідей тиіпті.


Бүгінде өркениетті елдердің көшіне ілескен Латвия үшін Қырым Украина территориясы екені белгілі.

Демек, «Дождь» телеарнасы соны біле тұра, заңсыз әрекетке барған. Мұны қалай түсінуге болады? Телеарна басшылығы оны дизайнердің "білместігі" деп жылы жауып қою салған. Байқұс латыштар оған да көніпті.

Үшінші, «Дождь» телернасының журналисті Алексей Коростелев Ресейдің оккупант әскерінің майдан шебіндегі ауыр жағдайын көргенде – оларға жанып ашып, тікелей эфирде отырып, дүйім жұртты орыс әскеріне экипировка жинап беруге үндеген.


Міне, осы сөзден кейін Латвия Электронды ақпарат құралдары жөніндегі Ұлттық кеңесінің талағы тарс айырылған ғой.

Бұл енді жай ғана заң бұзу емес, латыштардың ұлттық қауіпсіздігін мансұқтау болағаны анық. Егер Ресейдің арналарында жұмыс істейтін бір журналист Украина әскеріне іш тартып әңгіме айтса, Путиннің жандайшаптары оны түрменің түбінде шірітер еді. Ал латыштар «Дождь» арнасының еркелігіне біразға дейін көтеріпті.

Міне, осдан кейін Ұлттық кеңес жетекшісі Иварс Аболиньш "Дождь" телеарнасына берілген лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылдаған. Әділ шешім бе? Әрине әділ! Заңды аяқ асты еткен орыс журналистерімен бұдан ары қалай жұмыс істеуге болады?

Ескерте кетуіміз керек, Иварс Аболиньш «Настоящее время» телеарнасына берген түсініктемесінде Латвияның қауіпсіздік қызметі Ұлттық кеңеске бөтен елде отырып, оккупанттардың әскеріне қолдау көрсетуге шақырған «Дождь» арнасына қатысты нақты шешім қабылдауды талап еткенін де тілге тиек етті.

Болған-біткені осы. Бұл оқиғадан Путин билігіне қарсы, либералды орыс журналистерінің ой-пайымын анық байқауға болды.

Иә, «Дождь» арнасы Путин режимін күнделікті сынап келеді. Сондағы мақсат не? Ондағы мақсат либералды күштердің билікке келуіне жолашар жасау. Олардың бар ойы билікке қол жеткізу. Одан басқа ешқандай ойы жоқ.


Осы оқиғаға қатысты Украинаның Ютуб арналарына пікір білдірген әзірбайжандық саяси сарапшы Рамис Юнус Ресейдің өздерін либералды топтардың белсенді өкілі санайтындар Ресейдің болашағын, демократиялық құндылыққа бой ұруын ойламайтынын айта келе, олардың бар мақсаты – Путинді биліктен тайдыру екенін атап өтті.

Айтары жоқ, әзірбайжандық сарапшы дәл айтып отыр. Егер әлдеқандай бір алапат күшпен билік басына Алексей Навальный келген күннің өзінде де бүгінгі орыс оппозициясы империялық пиғылынан бас тартпайды.

Мәселен, Путиннің басты қарсыласы саналатын Навальный мен Юкос компаниясының бұрынғы қожайыны Ходорковскийге Қырымның статусына қатысты сұрақ қойғанда кібіртіктеп қалатынына талай рет куә боладық.

Демек, олардың Путиннен анау айтқандай айырмашылығы жоқ.

Навальный билікке келсе, Украинаға Қырымды қайтарып бере салмайтыны айдан анық. Бұдан шығатын қорытынды – империялық дертке шалдыққан либералды күштерден ешқашан үміт күтуге боламайды.


Өздерін либералды топтың белсенді өкілі санап келген (әлі де солай ойлайды) Анатолий Чубайс, Алексей Кудрин, қазақ жерінде туған Герман Греф Ресейдің өзгеруі үшін не істеді? Түкте істеген жоқ.

Чубайстың өзі Путинді билікке әкелді де, соңында жемқорлықтың ұйығына батып, соғыс басталған сәтті елден кетіп қалды.

Олар Ресейдің өзгеріп, империялық пиғылынан айырылуы үшін саусағының ұшын да қимылдатқан жоқ.

Енді «Дождь» арнасына қайта оралсақ, дәл қазір Путиннен қашқан либералдар (олар қашудан басқа не білуші еді?) Латвияны сөз бостандығы сақтамайтын ел ретінде айдай әлемге әшкерелеуге "күш салып" жатыр.

Мұнымен қалай ақылға жеңдіруге болады? Тіпті, Украинаның өзінде «Дождь» арнасының лицензиядан айырылғанына қамыққандар табылуда. Бұған біз таңқалмаймыз. Керек десеңіздер «Дождьты» қолдаушылар Қазақстаннан да табылып қалады.

Біздер Путин саясаты пропагандист Соловьев пен Скабеевалардың ток-шоуларымен ғана тарайды десек қатты қателесеміз.

Путиннің саясаты орыстың әдебиеті, мәдениетімен де тарайтынын ұмытпауымыз керек.

Керек десеңіз, арасында Кремльдің саясатын арасында айыптап қоятын Познердің өзі Ресейдің империялық саясатының таратушы десек артық айтқандық болмас еді.


Бүгінде қарапайым газдың өзін қаруға айналдырып отырған Путин өз саясатын жүргізу үшін Толстой мен Пушкиннің шығармаларын пайдаланудан бас тартпайтыны анық.

Енді ойлаңызшы, Латвия Электронды ақпарат құралдары жөніндегі Ұлттық кеңесінің жетекшісі Иварс Аболиньш «Дождь» телеарнасының заңды қалай бұзғанын соқырға таяқ ұстатқандай айтып, көрсетіп берді.

Ал осыдан орыс журналистері сабақ алды ма? Алған жоқ.

Айталық, «Дождьтың» бас редакторы Тихон Дзядко «Настоящее время» телеканалына берген сұхбатында заң бұзып, қателік жібергендері үшін мүлде өкінбейтіндерін айтты. Осыдан-ақ олардың империялық кеселден айықпағанын аңғаруға болады.

Бүгінде шетелді паналған орыс журналистері өздерінің заң бұзғанын айып санамайды. Есесіне «Латвия билігі сөз бостандығын шектеп отыр» деп өршелене байбалам салуда.

Осы жайттан Путинге қарсы кез келген журанлисті ел аумағына кіргізу қауіпті екенін аңғаруға болады.

Бүгінде Украина Путиннен бұрын орыс империализмінен қатты жапа шігіп отырғанын түсінуі керек.


Ал империялық кеселге ұшыраған кез келген адам мемлекет үшін қауіпті. Бүгінде жалғыз Укриана емес, тұтас посткеңестік елдері орыс империализмінен жапа шегуде. Қазақстанда қазақ тілінің өз тұғырына қонбауына дәл осы орыс империализмі кінәлі.

Нұрлан ЖҰМАХАН

https://dalanews.kz/kogam/84393-eriktiler-algys-ushin-gana-engbek-etedi

https://dalanews.kz/news/84255-zangdy-qoqys-poligondarynyng-tapshylyg

https://dalanews.kz/aimak/84225-ridderdegi-apat-akhmetov-yenergetika-m

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар