Дженнифер Лопестің концерті Ticketon-ға қып-қызыл шығын болды - Турлов

Кәмшат Тілеухан 16 сәу. 2025 11:03 191

Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертінде аншлаг болайын деп тұр. Өйткені билеттер қысқа мерзімде жапа-тармағай сатылып кеткен. Бірақ  билет сатумен айналысқан “Тикетон” (Freedom Ticketon) платформасы бірқатар мәселемен бетпе-бет келген. Ал осы платформа тиесілі  Freedom Holding-тің басшысы Тимур Турлов өздерінің пайдадан гөрі, шаш етектен шығынға батқандарын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Тикетон" концертті ұйымдастырушылармен билетті таратуда агент ретіне таңдалып алынды. Әрине, қызметімізге комиссия уәде етілді. Сөйтіп біз іске кірісіп кеттік. Билетке деген сұраныс бірнеше есеге жоғары болып шықты. Билет сатылымы кезінде көп адам лап қойып, сайт "жалп" етіп құлады. База да "кетті". Осы техникалық ақаудың кесірінен көптеген билет қайта сатылған. Әріптестеріміз билеттердің қайта сатылып жатқанын байқағанда сатылымды бірден тоқтатты", деп жазды Турлов бүгін Thrеаds-тағы парақшасында.

Оның айтуынша, тексере келгенде қайтадан сатылған билеттер стадиондағы орындардың шамамен 10%-ын қамтыпты. Сөйтіп "Тикетон" қызметкерлері бірнеше күн бойы "мыңдаған бронды кейінге шегерумен" болған.

"Нәтижесінде біз қолдағы бар қорға қарамастан билетті брондаушылардың барлығына бірдей орын тауып бере алмайтынымызды жақсы түсініп отырмыз. Біз тұтынушыларымыз алдында ақшалай кешірім сұрау керекпіз деп санаймыз. Бұл бір аптадай уақытта алады", делінген холдинг басшысы жазбасында.

 

Freedom Holding басшысының айтуынша, сервис мынандай бірқатар шаралар қабылдады:

  1. билет сатып алып, бірақ қолына ваучер тимеген клиенттерімізге: өкінішке қарай, Сіздерге орын қалмады. Сондықтан билет ақшасын қайтарамыз және тура сол сомада (100%) өтемақыны картаңызға аударамыз. Ақша түсетін уақыт - Сіздің банкіңізге байланысты үштен 10 жұмыс күніне дейін;
  2. егер билетіңіз сол бағадағы басқа орынға немесе би алаңына ауыстырылса, онда Сізге келтірілген ыңғайсыздық үшін билет құнының 50%-ындай қаражатты картаңызға аударамыз;
  3. егер билетіңіз арзанырақ орынға ауыстырылса, онда ақшаңыз толықтай қайтарылады, ал өзіңіз концертке тегін кіре аласыз.

Алдағы уақытта барлық клиенттерге тапсырыстың мәртебесі туралы SMS-хабарлама жолданатыны да нақтыланады.

"Мұның барлығы бізге бірнеше жүз миллион теңге шығын әкелмек. Бұл шешіміміз осы сервистің жылдық табысы көлеміндегі құнға бағаланады. Біздің командамыз бұл жағдайдан үлкен сабақ алатын болады. Енді, біз мұндай концерттерде қандай қиындықтар болатынын жақсылап ұғынып алдық", деп сөзін түйіндейді Турлов.

Айта кетсек, Дженнифер Лопестың шоуы 1 тамызда Астанадағы "Астана Арена" стадионында өтеді. Билеттер сатылымы 11 сәуірде сағат 11:00-де басталды, алғашқы минуттарда-ақ 50 000-нан астам адам "Тикетон" сайтына лап қойды, салдарынан мұндай жүктемені платформаны көтере алмай, "сынып" қалды.

Freedom Ticketon - 2012 жылы іске қосылған кино, мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шаралар, турлар, экскурсиялар, концерттер билеттерін онлайн-сатушы қазақстандық жүйе. Компанияның негізін қалаушы - Алексей Ли мен Константин Горожанкин. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан, сервис Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда жұмыс істейді. 2022 жылдың қыркүйегінде Freedom Holding Corp 3 млн долларға "Ticketon Events" ЖШС-ны (Ticketon бренді) сатып алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар