Freedom Inside '26

"Істің әділ қаралуына алаңдаймын". Динара Сәтжанның күйеуі Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы әйелі сотқа қатысты мәлімдеме жасады

"Істің әділ қаралуына алаңдаймын". Динара Сәтжанның күйеуі Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы әйелі сотқа қатысты мәлімдеме жасады

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде сот процесіне қатысты мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, ол Жұмабек Жанықұловпен 20 жыл заңды некеде тұрған және бес баланы дүниеге әкелген. Жанна Жанықұлова ажырасуға жұбайының опасыздығы себеп болғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының ауданаралық сотында неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі іс қаралып жатыр.

«Некеде тұрған кезде мүлік пен неке шарты туралы мәселе ешқашан көтерілген емес. Бұл мәселе Жұмабек Жанықұловтың өмірінде басқа әйел пайда болып, ажырасу туралы шешім қабылдағаннан кейін ғана туындады», – деп жазды ол.

Жанна Жанықұлованың сөзінше, 24 маусымдағы сот отырысында олардың бірде-бір өтінішхаты қанағаттандырылмаған. Оның ішінде кәсіпкердің табысына қатысты мәліметтерді қарау туралы өтініш те болған.

«Біз салық органдарынан тек бір ғана компания бойынша мәлімет ұсындық. Онда соңғы үш жылдағы кіріс көлемі 20 миллиард теңгеден асатыны көрсетілген. Ал мұндай компаниялар саны 18-ге жуық. Алайда сот бұл жайтқа назар аудармады», – дейді ол.

Осыған байланысты талапкер тарап судьяға қарсылық (отвод) білдірген.

Сонымен қатар Жанна Жанықұлова бұрынғы жұбайының қаржылық және әкімшілік мүмкіндіктерін ескере отырып, істің әділ қаралуына алаңдайтынын жеткізді. Ол қоғам өкілдері мен сот жүйесіне қатысы бар лауазымды тұлғалардан аталған істі бақылауда ұстауды сұрады.

Айта кетейік, танымал тележүргізуші Динара Сәтжан кәсіпкер Жұмабек Жанықұловпен шаңырақ көтерді. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғам назарын аударған еді.

Әзірге Жұмабек Жанықұлов пен оның өкілдері аталған мәлімдемеге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.