Қазақстанда деструктивті діни ағымдары мен діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартысында осы бағытта 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жазба таратылған. Мұндай жұмыс Алматыда да белсенді жалғасып, тұрғындар арасында кездесулер өткізіліп, интернеттегі радикалды идеологияға қарсы ақпараттық материалдар жарияланып келеді. Дегенмен жат ағымдар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы адамдарды өз қатарына тартудың түрлі тәсілін қолданады. Деструктивті діни ағымдарын қандай негізгі бес белгісінен тануға болады, олар адам санасына қалай әсер етеді және мұндай қауіптен қалай қорғанған жөн? Бұл сауалдарға жауап алу үшін Dalanews.kz тілшісі дінтанушы Әл-Фараби Болатжанмен сұхбаттасты.
Деструктивті діни ағымдарының негізгі мақсаты қандай?
– «Деструктивті» сөзі латын тіліндегі destructivus, яғни «бұзу», «бүлдіру» ұғымынан шыққан. Яғни, қоғамда қалыптасқан құқықтық, мәдени және адамгершілік нормаларды бұзуға бағытталған топтарды айтамыз.
Деструктивті діни ағымдарын анықтауға мүмкіндік беретін негізгі бес белгіні атасаңыз?
– Оның белгілері көп. Дегенмен ең негізгілерін бес топқа бөліп көрсетуге болады.
Бірінші белгісі – конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді көздеу және мемлекеттің зайырлы сипатын мойындамау. Мұндай ағымдар қолданыстағы заңдарды теріске шығарып, өздерінің діни ережесін мемлекеттік заңнан жоғары қоюға тырысады.
Екінші белгісі – мемлекеттің аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін идеяларды насихаттау. Бұған елдің қазіргі мемлекеттік құрылымын жойып, оның орнына халифат немесе әмірлік орнатуға шақыру жатады.
Үшінші белгісі – діни және дүниетанымдық әралуандыққа төзбеушілік. Деструктивті топ мүшелері өз көзқарасын ғана абсолютті ақиқат санап, өзгеше ойлайтын адамдарды жау немесе «сенбейтіндер» ретінде қабылдауы мүмкін. Соның салдарынан діни алауыздық пен өшпенділік туындайды.
Төртінші белгісі – ұлттық бірегейлікті, ана тілін, дәстүр мен ұлттық өнерді жоққа шығару. Мұндай топтар діни және ұлттық бірегейліктің арасына теңдік белгісін қойып, адамды өзінің тарихи және мәдени тамырынан ажыратуға әрекет етеді.
Бесінші белгісі – ғылымды, соның ішінде медицинаны мойындамау. Адамды дәрігерге қаралудан, ем қабылдаудан немесе баласына қажетті медициналық көмек көрсетуден бас тартуға мәжбүрлеу де деструктивті ықпалдың белгісі болуы мүмкін.
Мұндай ағымдар адамдарды өз қатарына тарту үшін қандай әдістерді қолданады?
– Ең көп қолданылатын тәсілдердің бірі ақпаратты шектеумен байланысты. Топ өкілдері адамға: «Ақиқат тек бізде», «Басқаларды тыңдама», «Өзге дереккөздерді оқыма» деп, оның ақпарат алу аясын тарылтады. Осылайша ақпаратқа өзіндік монополия орнатуға тырысады. Адам бір ғана топтың айтқанын тыңдай берген кезде балама пікірді қабылдау және ақпаратты салыстырып, саралау қабілеті әлсірейді. Соның салдарынан сыни ойлауы төмендеп, топ жетекшісінің немесе мүшелерінің нұсқауын күмәнсіз орындай бастайды.
Деструктивті діни топтар адамның санасына ықпал ету үшін қандай манипуляциялық тәсілдерге жүгінеді?
– Осындай әдістердің бірі – «махаббатпен қоршау» немесе психологияда айтылатын love bombing тәсілі. Топқа жаңадан келген адамды ерекше ықыласпен қарсы алып, оған үнемі жылы сөз айтып, «бауырымыз», «біздің адамымыз» деп жақын тартады. Қиын жағдайда жүрген адам мұндай қамқорлыққа тез бауыр басуы мүмкін. Адам топқа эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан тәуелді болғаннан кейін оған түрлі талап қойыла бастайды. «Құдайды жақсы көрсең», «қауымға адал болсаң, оны ісіңмен дәлелде» деген сөздер арқылы заңсыз немесе қауіпті әрекетке итермелеуі ықтимал. Кейбір топтар адамның барлық сезім мүшесіне әсер етуге тырысады. Оған арнайы бейнематериал көрсетіп, музыка тыңдатып, ортақ рәсімдерге қатыстырып, құшақтап қарсы алып, бірге тамақтандыруы мүмкін. Мұның бәрі адамның өзін сол ортаның ажырамас мүшесі ретінде сезінуіне бағытталады. Оған қоса адамның ұйқысын шектеу, дұрыс тамақтандырмау, ұзақ уақыт бойы қайталанатын рәсімдерге қатыстыру секілді әдістер де кездеседі. Мұндай жағдайда адамның қажуы күшейіп, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілеті төмендеуі мүмкін.
Адамның белгілі бір діни топтың ықпалына түсе бастағанын мінез-құлқынан байқауға бола ма?
– Иә, оның мінез-құлқы мен күнделікті өмірінде күрт өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы, бұрын ашық-жарқын болған адам тұйықталып, отбасымен және достарымен араласудан қашқақтай бастайды. Ата-анасының діни ұстанымы өзінікімен сәйкес келмесе, оларды «сенбеуші» немесе «кәпір» деп айыптауы әбден мүмкін. Адамның бұрынғы ортасы толық өзгеріп, тек жаңа діни топ мүшелерімен араласуы да назар аударуды қажет етеді. Жұмысына немесе оқуына қатысы жоқ түсініксіз сапарлар пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар ол өзгенің пікірін қабылдамай, ашушаң әрі агрессивті болады. Дегенмен адамның діни құлшылыққа бет бұруын өздігінен деструктивті ағымның белгісі деп қабылдауға болмайды. Мәселе – оның заңға, отбасына, қоғамға және өзге көзқарастағы адамдарға қатынасының күрт өзгеруінде.
Деструктивті діни ағымдарының ықпалына көбіне қандай адамдар осал келеді?
– Олар көбіне жалғыз қалған, психологиялық дағдарысқа ұшыраған немесе өмірінде күрделі кезеңді бастан өткеріп жүрген адамдарды іздейді. Депрессияға түскен, өз ортасынан қолдау таппаған, түрлі тәуелділікке бейім немесе өмірден түңіле бастаған адамға ықпал ету оңайырақ болады. Психикасы мен дүниетанымы әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдер де осал топқа жатады. Діни сауаттың төмендігі, әлеуметтік қиындықтар және сыни ойлау дағдысының жеткіліксіздігі тәуекелді арттырады. Алайда деструктивті ағымға тек білімі төмен немесе әлсіз адамдар түседі деу дұрыс емес. Адам қандай білімді болғанымен, жалғыздық, күйзеліс немесе ауыр өмірлік жағдай кезінде манипуляцияға осал болып келеді.
Интернеттегі деструктивті діни контентті қалай ажыратуға болады?
– Ең алдымен, уағызшы немесе парақша авторы басқа адамдарға, діндерге, ұлттарға қарсы өшпенділік пен төзбеушілікке шақырып жатқан жоқ па, соған назар аудару қажет. Мемлекеттік құрылымды мойындамау, қарулы қақтығысты немесе соғысты дәріптеу, өзгелерді жаппай «кәпір» деп айыптау да қауіпті белгі саналады. Әсіресе шетелдік уағызшылардың сөзін жергілікті жағдайға бейімдемей қабылдаудан сақ болған жөн. Діни мәселеге қатысты ақпаратты Қазақстандағы білікті дінтанушылардан, исламтанушылардан, теологтардан және ресми діни ұйымдардың мамандарынан алған дұрыс. Сондай-ақ сот шешімімен тыйым салынған материалдар мен ұйымдардың ресми тізімін тексеру қажет. Экстремистік материалды сақтау немесе тарату, тыйым салынған ұйымды насихаттау, оған адам тарту және қаржылай қолдау көрсету заңда көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Балалар әлеуметтік желі арқылы осындай топтардың ықпалына түсуі мүмкін бе?
– Мұндай қауіп бар. Балалар әлеуметтік желіде ғана емес, онлайн ойындардың чаттарында да бөтен адамдармен танысады. Мысалы, өзін жасөспірім ретінде таныстырған адам баланың ұлты мен дінін сұрап, кейін оны Telegram-дағы жабық топқа шақыруы мүмкін. Ал ол арнада террористік ұйымның үгіт-насихаты, зорлық-зомбылық көріністері немесе соғысқа шақыратын материалдар жариялануы ықтимал. Осындай контентті ұзақ уақыт қараған жасөспірім ешкіммен тікелей кездеспей-ақ радикалдана бастайды. Мұны өзін-өзі радикалдандыру деп атайды. Оның көзқарасы өзгеріп, мұғалімдері мен сыныптастарын «кәпір» деп айыптауы, өзгелерге өшпенділік танытуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың интернетте қандай контент көретінін, кімдермен сөйлесетінін және қандай жабық топтарға тіркелгенін назардан тыс қалдырмағаны жөн. Бұл жерде баланы жасырын аңду емес, онымен сенімді қарым-қатынас орнатып, интернет қауіпсіздігін түсіндіру маңызды.
Егер адам жақынының деструктивті діни ағым ықпалына түскенінен күмәнданса, не істеуі керек?
– Оны бірден айыптап, мазақтап немесе сенімін қорлап сөйлесуге болмайды. Қысым көрсету адамның отбасынан одан әрі алыстап, жаңа топқа бұрынғыдан да қатты тәуелді болуына әсер етуі мүмкін. Алдымен сабыр сақтап, оның қандай ақпарат көріп жүргенін, кімдермен араласатынын және көзқарасының неге өзгергенін түсінуге тырысу керек. Әңгіме барысында «сен адастың» деп үкім шығармай, сұрақ қою арқылы оның ойын тыңдаған дұрыс. Егер адамның мінез-құлқында күрт өзгеріс байқалса немесе ол зорлық-зомбылықты, өшпенділікті, заңсыз әрекетті қолдай бастаса, мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, дінтанушы, теолог және психолог мамандарға жүгінген жөн. Қажет жағдайда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына немесе құқық қорғау органдарына хабарласу керек.
Азаматтар діни мәселелер бойынша сенімді ақпаратты қайдан алғаны дұрыс?
– Діни ақпаратты ресми тіркелген діни бірлестіктерден, білікті дінтанушылардан, исламтанушылар мен теологтардан алған жөн. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми ресурстарына жүгінуге болады. Қазақстанда діни қызмет «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңмен реттеледі. Діни әдебиетті таратуға, миссионерлік қызметке және діни іс-шараларға қатысты нақты талаптар бар. Сондықтан көшеде, әлеуметтік желіде немесе мессенджерде кезіккен кез келген адамның өзін уағызшы ретінде таныстыруы оның білікті әрі заңды қызмет атқарып жүргенін білдірмейді.
Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түспеу үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең негізгі қорғаныс – сыни ойлау және діни сауат. Кез келген ақпаратқа бірден сене салмай, оның авторын, дереккөзін және мақсатын тексеру қажет. Бір діни мәселе туралы бірнеше білікті маманның пікірін салыстырған дұрыс.
Интернетте ақпараттық гигиенаны сақтау да маңызды. Жеке өміріңіз, күнделікті баратын жерлеріңіз, туыстарыңыз бен қиындықтарыңыз туралы мәліметті ашық жариялай бермеңіз. Арбаушылар адамның әлеуметтік желідегі парақшасын зерттеп, оның қызығушылығы мен мәселелерін анықтауы мүмкін. Кейін ортақ қызығушылықты сылтау етіп, әдейі «кездейсоқ» танысып, сеніміне кіруге тырысады. Адамға «ақиқат тек бізде», «басқаларды тыңдама», «жақындарыңмен араласпа» деген талап қойылса, бұл – қауіптің айқын белгісі. Сенімді діни орта адамды отбасынан, қоғамнан және ұлттық болмысынан ажыратпайды. Керісінше, заңды құрметтеуге, білім алуға, денсаулығын күтуге және айналасындағы адамдармен бейбіт қарым-қатынас орнатуға үндейді.