Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдап, еліміздегі зейнеткерлердің қарыз мәселесін көтерді. Ол зейнеткерлердің банктік берешегін кешіру қажеттігін алға тартып, банкроттық туралы заңның дұрыс жұмыс істемей жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Балабиевтің айтуынша, қабылданған заң азаматтарға банкроттық рәсімін жеңілдетіп, ешқандай аралық делдалдардың көмегінсіз өтініш беру мүмкіндігін қарастыруы тиіс еді. Алайда, заңда көрсетілгендей, қарыз сомасы 6 млн 291 мың теңгеден аспаған жағдайда банкроттыққа өтініш беруге рұқсат етілгенімен, іс жүзінде бұл механизм тиісті деңгейде жұмыс істемейді. «Е-өтініш» платформасы арқылы жіберілген өтініштер қабылданбай, көптеген зейнеткер зейнетақысынан айырылып отыр.
Зейнеткерлердің қаржылық қиындықтары
Депутаттың айтуынша, көптеген зейнеткер банктерге берешек. Соның салдарынан олардың есепшоттары бұғатталып, шетелге шығу мүмкіндіктері шектелген. Қаржы ұйымдарының әрекеті нәтижесінде кейбір зейнеткерлердің 32 мың теңге көлеміндегі зейнетақысы банк картасына түспей жатып, қарызды жабуға кетіп қалады.
Оның үстіне, зейнетақы табыс көзі ретінде қарастырылып, әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған. Әлеуметтік қорғалған есепшоттарды тек «Каспий банкі», «Халық банкі» және «Центр Кредит» банктерінде ашуға болады. Алайда, бұл банктердің кейбір өңірлерде филиалдары немесе банкоматтары жоқ. Сонымен қатар, бөлімшелері кеңінен таралған «Қазпошта» бұл тізімге кірмеген. Балабиевтің пікірінше, мұндай шешім зейнеткерлердің қаржылық жағдайын қиындатады.
Микроқаржы ұйымдарының әрекеті
Депутат микроқаржы ұйымдарының зейнеткерлерге аз мөлшерде несие беріп, кейіннен оны бірнеше есеге өсіріп, берешекті шектен тыс арттыратынын да атап өтті. Мұндай қаржы ұйымдары уақытша көмек көрсеткенімен, адамдарды тығырыққа тіреп, несиелік тұзаққа түсіреді.
Депутат қандай шараларды ұсынды?
Қайрат Балабиев қаржылық қиындыққа тап болған зейнеткерлерді қорғау мақсатында бірқатар ұсыныстар енгізді:
1. Әділет органдарына зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттауға тыйым салу.
2. Республикалық базада зейнеткерлердің банк алдындағы берешегін бақылап отыру.
3. Құзырлы органдарға зейнеткерлерді сотсыз және сот арқылы «банкрот» деп тану механизмін жеңілдету.
4. Зейнеткерлердің қарыздарын кешіру.
5. Барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштаның» зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қорғалған есепшоттарын ашу.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар зейнеткерлердің қаржылық жағдайын жақсартып, оларды қиындықтан құтқаруға көмектеседі.