Депутат Ұласбек Сәдібеков бүгінгі Мәжіліс палатасының жалпы отырысында мемлекеттік қарызға көрсетілетін қызмет шығындарының қымбаттай түсуіне байланысты өз алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол 2025 жылдың басында мемлекеттік қарыз 31,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 23,5% -ын құрағанын еске салды. Ал оның 30,1 трлн теңгесі - үкіметтік қарыз.
"Мемлекеттік қарызға қызмет көрсету жағдайы елеулі алаңдаушылық туғызады. 2024 жылы қарызды өтеу және оған көрсетілетін қызмет шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады, яғни бұл - бюджеттің барлық шығыстарының 41,6%-ы. 2023 жылы бұл көрсеткіш 28,3% деңгейінде болған. Бұл алаңдатарлық динамика: қарыз неғұрлым көп болса, елдің дамуына, инфрақұрылымға және адамдарға бөлінуі тиіс соғұрлым аз қаражат қалады", - деді Ұласбек Сәдібеков.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева да былай пікір білдіре отырып, қамшыны баса түсті:
"Соңғы жылдары Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қарызды басқарудағы жүйелі проблемаларды үнемі тіркеп келеді. Осы күнге дейін ақшаны қайтаруға, валюталық тәуекелдер мен балансқа жүргізілген сауатты бір де бір сараптама жоқ. Бұл жағдай алда да қайталанбайтындығына қазір ешкім кепілдік беріп отырған жоқ".
Бұл ретте Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қарыз "басқаруға" келетінін, нормативті база бойынша жұмыстар жасалып жатқанын ғана айтты. Ал толыққанды есеп-қисапты ол келесі жолы Мәжіліске өзімен бірге ала келуге уәде берді.
Айта кетсек, Жоғары аудиторлық палата квазимемлекеттік сектордағы компаниялар жұмысынан бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, "Самұрық-Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингінен. Бұл туралы бүгін, 2025 жылы 18 маусымда Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкіметке берген есебінің қорытындысын қарау кезінде белгілі болды.