Инфляция деңгейі зейнетақы жинақтарының табысын тағы да басып озды

Инфляция деңгейі зейнетақы жинақтарының табысын тағы да басып озды
Фото: baq.kz

1 шілдедегі мәліметке сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтерінің кірістілігі 4,21%-ды құрады. Ал жыл басынан бергі инфляция 5,1%-ға жеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Informburo.kz мәліметінше, соның салдарынан зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігі теріс көрсеткіште қалып, минус 0,89%-ды құрады.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 1,1 трлн теңгеге жетті. Қордың мәліметінше, нәтижеге валюталық активтердің қайта бағалануы әсер еткен. Маусым айында теңге АҚШ долларына қатысты 1,3%-ға нығайғандықтан, шетелдік инвестициялардың теңгемен есептелген құны төмендеген.

Сонымен қатар БЖЗҚ қысқа мерзімдегі кірістілік көрсеткіші зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін толық көрсете бермейтінін атап өтті. Себебі оған валюта бағамының құбылуы мен бағалы қағаздардың нарықтағы бағасының өзгеруі едәуір ықпал етеді.

Ал кейінгі 12 айдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,29%-ды құраған. Осы кезеңде салымшылардың шоттарына есептелген инвестициялық табыс көлемі шамамен 2,51 трлн теңгеге жеткен.