Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жасанды интеллектінің білім саласына әсеріне алаңдаушылық білдіріп, мектеп оқушыларына оны пайдалануға белгілі бір шектеулер қоюды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Технологияның дамуы – жақсы құбылыс, бірақ уақыт өте келе бұл адамның ойлау қабілетінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары үй тапсырмасын орындаудың орнына, дайын жауапты ChatGPT-ге жазып алып, соны жеткілікті деп есептейді. Менің ойымша, оқушылар үшін белгілі бір шектеулер енгізу қажет", – деді депутат Парламент Мәжілісінде жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылау барысында.
Дәулет Мұқаевтың айтуынша, егер мұндай шектеулер қарастырылмаса, болашақта оның кері әсері айқын сезіледі.
"Егер біз қазірден бастап шара қолданбасақ, онда болашақта мектеп оқушылары студент атанған кезде де, кейін еңбек нарығына қосылған кезде де қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл – еліміз үшін үлкен қауіптердің бірі. Сондықтан заң жобасын қарастыру барысында осы мәселені ескерген жөн", – деп атап өтті депутат.