Қазақстандық тасымалдаушыларға Түркия порттарынан жүк тиеуге жол ашылды

Қазақстандық тасымалдаушыларға Түркия порттарынан жүк тиеуге жол ашылды
pixabay.com

Қазақстан мен Түркия автокөлікпен халықаралық жүк тасымалдауды жеңілдетіп, қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан жүк тиеп, оны Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік беретін келісімге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Антальяда өткен Қазақстан-Түркия аралас автомобиль көлігі жөніндегі комиссия отырысының қорытындысында белгілі болды.

Тараптар электронды рұқсаттарды беруде сандық шектеу болмайтынын келісті. Бұл тасымалдаушыларға қажеттілігіне қарай бағыттарды икемді жоспарлап, жүк тасымалын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Маңызды келісімдердің бірі – қазақстандық автотасымалдаушылардың Түркия теңіз порттарынан жүк тиеп, оны Қазақстанға жеткізуіне мүмкіндік берілуі.

Тараптар 2026 жылдан бастап мұндай транзиттік жүктерді тасымалдауға жыл сайын бір-біріне 3 мыңнан рұқсат беруге келісті.

Көлік министрлігі бұл шешім Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Қазақстан мен Түркия транзиттік тасымалдарға қатысты рұқсат жүйесін жою және еркін транзитке көшу жөнінде де уағдаласқан болатын. Қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарында жүк тиеу және түсіру мүмкіндігі қарастырылған. 

Бұл келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Қазақстан-Түркия арасындағы жүк тасымалын дамыту тұрғысынан да маңызды. 2025 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаға жетіп, бір жылда 35%-ға өскен.