Депутат БЖБ мен ТЖБ-ны енгізген шенеуніктер жауап беруі қажет екенін айтты

Депутат БЖБ мен ТЖБ-ны енгізген шенеуніктер жауап беруі қажет екенін айтты
gov.kz

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектептердегі БЖБ мен ТЖБ жүйесін қайта қарау мәселесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл бағалау тәсілін енгізу қате шешім болса, оны енгізген тұлғалар жауап беруге тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді. Оның орнына бұрынғыдай бақылау жұмыстары енгізілуі мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде диктант, шығарма және мазмұндама сияқты жұмыстар қайта енгізіліп жатқанын айтқан еді.

Ирина Смирнова мұндай шешім қабылданар алдында оның себептеріне жан-жақты талдау жүргізілуі қажет деп есептейді. Оның сөзінше, жиынтық бағалау жүйесін енгізуге ұзақ уақыт пен қомақты қаражат жұмсалған.

Депутат бұл мәселе бір адамның шешімімен емес, сараптамалық қорытындылар мен қоғамдық талқылаулар негізінде қаралуы керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол кейінгі жылдары оқушылардың көркем әдебиет оқуы азайғанын айтып, шығарма мен мазмұндама жазудың пайдалы екенін де жеткізді. Сонымен бірге, эссе жазу да маңызды дағды екенін атап өтті.

"Бір жүйеден бас тартсақ, оның себебі түсіндірілуі керек. Бұрынғы шешім үшін кім жауап береді деген сұрақ та жауапсыз қалмауға тиіс", - деді депутат.