"Денсаулығым сыр берді": Бангладеш президенті отставкаға кетті

"Денсаулығым сыр берді": Бангладеш президенті отставкаға кетті
Мұхаммед Шахабуддин. Фото: YASUYOSHI CHIBA/POOL/AFP via Getty Images

Бангладеш президенті Мұхаммед Шахабуддин қызметінен кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шахабуддин бұл ақпаратты bdnews24.com басылымының журналистеріне өзі растаған.

"Бұл туралы бәрі біліп қойды. Оны менен естудің қандай мәні бар? Денсаулығым сыр берді, сондықтан шешім қабылданды", – деді ол.

Мұхаммед Шахабуддин The Daily Star басылымына берген пікірінде де денсаулығына байланысты түрлі мәселелер бар екенін мәлімдеген. Басылымның дерегінше, президент әкімшілігінің өкілдері отставка туралы хатты тапсыру үшін парламентке барған.

Бұған дейін бірнеше күн бойы Шахабуддиннің президенттік қызметтен мерзімінен бұрын кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді.

Мұндай болжамдардың пайда болуына президенттің Бангладештің бұрынғы премьер-министрі Шейх Хасинамен сөйлесуі мүмкін екені туралы хабарлар себеп болған. The Daily Star дереккөздерінің мәліметінше, олар мамыр айында Шахабуддин Лондонда емделіп жүрген кезде телефон арқылы сөйлесуі ықтимал. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Шейх Хасина 2024 жылдың тамызында елдегі жаппай наразылықтар мен биліктің ауысуынан кейін Бангладештен кетіп, Үндістанға барған.

Мұхаммед Шахабуддин Бангладеш президенті қызметіне 2023 жылдың сәуірінде кіріскен. Оның кандидатурасын сол кезде Шейх Хасина басқарған "Авами лиг" партиясы ұсынған. Президент сайлауына басқа кандидат қатыспаған.

Саясатқа келгенге дейін Шахабуддин судья болып жұмыс істеген. Сондай-ақ Бангладештің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының басшылығында қызмет атқарған.