Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өткен жылы бірқатар азамат әлеуметтік төлемді жасанды түрде ұлғайтуға тырысқанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің сөзінше, 2024 жылы елімізде 1,4 миллион азаматқа жалпы сомасы 958 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген.
"Жүктілік пен босануға байланысты төлемдерге нақты шектеу қойылмағандықтан, кейбір азаматтар табысын жасанды түрде арттырып, мемлекеттен жоғары мөлшерде төлем алуға тырысқан. Мұндай жағдайлар әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді. Өйткені жүйенің адал қатысушыларына зиян келтіріп, бюджетке артық салмақ түсіреді", – деді Жақыпова.
Ресми деректерге сәйкес, 113 әйел заңсыз әрекеттері арқылы 158,4 миллион теңге көлемінде төлем алған. Сонымен қатар 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мыңға жуық азамат өз табысын әдейі арттырғанын мойындап, мемлекетке 3,4 миллиард теңге қайтарған.
"Аталған мәселенің алдын алу үшін заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірледік. Жоспарланған реформалар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылай тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деп қосты ол.