Бектенов дәрігерлердің мәселесін шешу үшін министрліктерге 10 күн уақыт берді

Кәмшат Тілеухан 23 шіл. 2025 14:45

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.

Ал денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.

Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын", — деді Премьер-министр.

Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Айта кетсек,Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдады.

"Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады", деп жазды желіде бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды мен Қостанайда бір күнде болған оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасаған болатын. Қарағандыда жекеменшік емхананың мейірбикесіне шабуыл жасалса, Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі науқастың соққысынан есінен танып, жансақтау бөліміне түскен. Науқас өз кезегін күткісі келмегені үшін дәрігерге қол көтерген. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар