Алматы қаласында атаусыз көшелерге жаңа атаулар беру жұмыстары жалғасуда. Қалалық мәслихаттың Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар ісі жөніндегі комиссиясының отырысында қала бойынша 156 көшеге атау беру мәселесі қаралды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Отырыста Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, мәслихат депутаттары мен қала әкімдігіне қарасты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет қатысты.
Мәліметке сәйкес, жаңа атау берілетін көшелердің саны аудандық бөліністе былайша көрсетілген:
-
Алатау ауданында – 10 көше;
-
Әуезов ауданында – 4 көше;
-
Бостандық ауданында – 45 көше;
-
Жетісу ауданында – 4 көше;
-
Медеу ауданында – 7 көше;
-
Наурызбай ауданында – 86 көше.
Ұсынылған атаулар арасында елге белгілі тұлғалар есімдері бар. Мәселен, Бостандық ауданының «Архат» шағын ауданындағы көшелердің біріне Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің, Алатау ауданындағы көшелердің біріне абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың, сондай-ақ вьетнамдық революционер Хо Ши Миннің есімі берілуі ұсынылған.
Сондай-ақ, Жетісу ауданындағы бір көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібековтің, ал басқа көшелерге түркітанушы Абдуали Қайдаровтың, әлемдегі алғашқы балалар музыкалық театрының негізін қалаушы Наталья Сацтың есімдері беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, бірнеше көшеге поэтикалық әрі қазақы реңкі бар атаулар ұсынылды. Олардың қатарында:
-
Мұнара,
-
Сарқырама,
-
Құлын,
-
Абыз,
-
Сұңқар,
-
Құдірет сынды атаулар бар.
Ұсыныстар мәслихаттың сессиясында қаралған соң, бекітіліп, ресми түрде қабылданбақ. Қала әкімдігі бұл бастаманың тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.