Оқулық жазу - ойыншық емес: «Қазақ тілі» қоғамы сапасыз оқу құралдарына алаңдаулы

Ақтоты Жапатова 23 шіл. 2025 18:09

Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған түрлі құралдардың жарнамасы артып келеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бұл үрдісті құптағанымен, тілдің ғылыми негізін ескермейтін, кәсіби тұрғыда сын көтермейтін кейбір оқу құралдарының таралуына алаңдаушылық білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қоғамның мәлімдеуінше, мұндай құралдар тіл үйренуші ортада қазақ тіліне деген ықыласты әлсіретіп, тілдің мәртебесіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Авторының кәсіби білігі күмән туғызатын осындай оқу құралы туралы ақпарат бүгін Tengrinews сайты арқылы тарады. Онда әдістемелік қателіктер мен тіл заңдылықтарын елемеу фактілері айтылған.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бұл мәселені шешу мақсатында өз тарапынан ғылыми-әдістемелік сараптама жүргізіп, қолданысқа ұсынуға болатын оқу құралдарының арнайы тізімін жарияламақ. Бұл тізім жақын күндері Til.kz сайтында қолжетімді болады.

Қоғам тіл үйренушілерге мынадай кеңес береді:

  • Біріншіден, құрал авторының кәсіби деңгейіне мән беріңіз. Оның ғылыми дәрежесі, саладағы тәжірибесі мен еңбектері бар ма – осыны тексеру маңызды;

  • Екіншіден, оқу құралы қай баспадан шыққанын, оны кім сараптап, кім мақұлдағанын зерттеңіз. Егер құрал білікті мамандардың сүзгісінен өтпесе, сапалы болмауы ықтимал.

Мектептер мен оқу орындары үшін ұсынылатын оқулықтар арнайы комиссиялардың сүзгісінен өтеді. Алайда, жеке тұтынушылдарға арналған оқу құралдарына ондай талап жоқ. Бұл еркін нарық пен цензураға тыйым ережелерінен шығады. Соған қарамастан, тіл мамандары тіл үйрететін құралдардың сапасына қоғам болып жауапкершілікпен қарау қажет екенін алға тартып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар