Астанадағы «Big Шанхай» базарындағы өрт: кәсіпкерлер шығын көлеміне шағымдануда

Ақтоты Жапатова 22 шіл. 2025 11:22

Астанадағы «Big Шанхай» сауда кешенінде болған алапат өрт салдарынан жүздеген кәсіпкер кәсібінен айырылды. Қазір зардап шеккендер өз шығындарын есептеп жатыр. Сауда орны толығымен жанып кеткен. Жалпы өрт 30 мың шаршы метр аумақты шарпыған,- деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Өрт кезінде үш құтқарушы жарақат алған. Олар бүгін ауруханадан шығарылып, амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал базардағы кәсіпкерлер өрттің неден шыққанын және неліктен дер кезінде өрт сөндірушілер шақырылмағанын түсіне алмай отыр. Олардың айтуынша, өрт туралы дабылды ешкім бермеген, ал өрт сөндірушілер өздері келген.

Саудагер Асқар Арыстановтың айтуынша, ол сататын сөмкелер мен орамалдардың бәрі жанып кеткен. Кәсіпкер шығынын 50 миллион теңгеге бағалап отыр. Басқа кәсіпкерлер де осындай қиын жағдайда қалған. Бірі 20 миллион теңгелік несиесін төлей алмай жатса, енді бірі салықтан босатылмағанын айтып, шағымдануда.

Қазіргі таңда өрттің нақты себебі анықталған жоқ. Сауда орнының маңайы қоршалған, полиция күзетуде, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сауда кешенінің әкімшілігі де, қалалық билік те оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Ал зардап шеккен кәсіпкерлер саны 280-ге жуық дейді, дегенмен нақты саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі, базардағы сауда орындарының саны 1 мыңнан 3 мыңға дейін жетеді деген мәлімет бар.

Депутаттар елде тұтас базарлар іс жүзінде өртеніп жатқан келеңсіз жағдайларға назар аударды.

“Төтенше жағдайлар департаменті 15 күнде өрт болғаны туралы арнайы анықтама береді және бұл банктерге қарызын кейінге қалдыруға негіз болады. Дегенмен қарыздың үстіне өсімпұл жүреді. Ал біз тарап ретінде қосымша санкциялар болмай, бизнеске ауыртпалық түсірілмегенін, кәсіпкерлер өз қызметін еркін жүргізсе екен дейміз”, – деді депутат Айтуар Қошмамбетов.

Еске салайық, «Big Шанхай» базарындағы өрт 18 шілдеде таңға жуық тұтанған. Оны сөндіруге жоғары дәрежелі шақырту бойынша құтқарушылар жұмылдырылып, өрт бір тәуліктен астам уақыт бойы сөндірілген. Саудагерлерге қазіргі таңда контейнерлер берілетіні айтылғанымен, олардың ішінде сауда жүргізуге тауар қалмаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар