Павлодар облысында ерікті түрде көшіп келген азаматтарға арналған мемлекеттік қаржыны жымқырған шенеуніктердің алаяқтық әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді. Олардың дерегінше, мемлекеттік "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген азаматтарға баспана алу үшін мемлекеттен әр отбасына 4 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырылған. Алайда жергілікті шенеуніктер осы бағдарламаны өз пайдаларына шешіп, бюджеттің миллиондаған қаржысын қалтаға басқан.
Павлодар облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығына қарасты Успен ауданындағы филиал қызметкерлері оңтүстіктен келген азаматтарға үйді арзан бағамен тауып беріп, бірақ сатып алу келісімшартына екі еселенген бағаны – шамамен 8 миллион теңгені көрсетуді міндеттеген. Баға айырмашылығынан түскен ақшаны көшіп келген азаматтар шенеуніктерге қайта беруі тиіс болған. Олар бұл әрекетті "бағдарлама шарттарына сай талап" ретінде түсіндірген.
Осылайша, мемлекет бюджеті 144 миллион теңгеге шығынға ұшыраған. Қазіргі уақытта бұл іске қатысты екі адам сотталған: бірі бес жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі үш жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. Алайда сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін солтүстік аймақтарға ерікті көші-қон бағдарламасы тұрғындарға жұмыс пен баспана ұсынса да, оңтүстік тұрғындарының көпшілігі осы бағдарламаға сенімсіздікпен қарап келген еді. Ал осындай әрекеттер бағдарламаға деген сенімді тіпті төмендетіп жіберуі мүмкін.