Алматыда ірі компанияның директорын өлтірген күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды

Көркем Алдабергенова 23 шіл. 2025 15:55

Аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің көмегімен аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру мен қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады.

Өткен жылдың қазанында күдікті басқа адаммен топ болып, таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шығарып, соның барысында оны есінен танғанға дейін ұрып-соғып, жалпы құны 40 млн теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматы қаласының сыртына алып шығып, өлтірген.

Күдіктілердің бірі ізін суытпай ұсталып, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.

Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген.

Еске салайық, былтыр қазанда Алматы облысында Lenovo компаниясының GR директоры Ермек Жақыпжановтың денесі табылған еді. 

9 қазанда Ермек Жақыпжанов Алматы қаласындағы үйінен өзінің қарасұр түсті Hyundai Genesis көлігімен шығып кетіп, қайта оралмаған.

Жақыпжанов Lenovo компаниясында 1,5 жыл бойы GR директоры (мемлекеттік мекемелермен байланыс жөніндегі маман) қызметін атқарған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар