Дариға Назарбаева Forbes журналы жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар тізімінде 20-орынға орналасты. Басылым оның дәулетін 550 миллион долларға бағалаған.
Өткен жылы Назарбаева аталған рейтингте 17-орында тұрған. Сол кезде оның капиталы 571 миллион доллар деп есептелген. Осылайша бір жыл ішінде байлығы 21 миллион долларға азайып, тізімде үш саты төмендеген.
Forbes оның дәулетінің кемуіне нақты қандай жағдайлар әсер еткенін ашып көрсетпеген.
Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге "Европа плюс Қазақстан" және "Независимый Телевизионный Канал" компанияларына иелік етеді.
Сонымен қатар оның "DLS Group" холдингі арқылы "Регион-Медиа", «Наружная Реклама-Регионы» және "Телефабрика "Дала" компанияларында үлесі бары көрсетілген.
Ал оның сіңлісі Динара Құлыбаева биыл рейтингтің үшінші орнына көтерілді. Forbes оның байлығын 5,4 миллиард долларға бағалаған. Өткен жылы ол 5,3 миллиард доллар дәулетімен төртінші орында тұрған.
Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына иелік етеді.