Бұл туралы аймақ басшысы мәлімдеді. Айта кету керек, Даниал Ахметов бүгін кезекті рет Зырян ауданына ат басын бұрып, жағдайды жеке өзі бақылап қайтты. Қазіргі таңда мұндағы тоғыз елді мекенде судың беті қайтып, деңгейі түскен.
Қазіргі таңда аудандағы жалпы 414 үйдің, 285-інен су кетіп, 129-ында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Зырян қаласының ескі бөлігінде әлі күнге дейін 74 үй су астында тұр. Облыс әкімі олардың бәрі-дағы алдағы таңда тұруға жарамсыз деп танылуы ықтимал деген бастапқы болжамын жеткізді. Су деңгейі 3 метрге жеткен учаскеде бүгін қосымша тағы бірнеше су сорғыш насостар қойылмақ.
- Бұл жерде 2 млн.текше метрге дейін су жатыр. Оларды сору үшін өте қуатты техникалар қажет. Бүгін қосымша тағы екі насос қосамыз. Олар сағатына екі мың текше метрге дейін су соруға қабілетті. Оған дейін насос стансасының жан-жағын құммен бекітіп, суды сору туралы тапсырма берілген болатын. Алайда ол жұмыс әлі толық жүзеге аспағандықтан екі күн ішінде аудан әкімдігінің басшылығына судан толық тазарту туралы тапсырма берілді, - дейді Даниал Ахметов.
Бұқтырма өзенінің арнасындағы мұзды жару жұмысы үш күн бойы жүргізілді.
Осы уақыт аралығында 17 тонна жарылғыш заттар қолданылды. Нәтижесінде, су деңгейі 2,5 есеге азайып, төмен түсті. Сол кездегі өзекті мәселе – Малиевск ауылы мен Зубовск кентін толық су басып кету қаупінің алды алынды. Бүгінде Малиевскідегі 97, Зубовскідегі 114 үйден су қайтып, тұрғындар баспаналарына оралуда.
- Жалпы саны 414 үйге су кірді. Барлық тұрғындардың шығыны арнайы комиссиямен есептелінеді. Қазір қалада 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, екінші деңгейлі нарықта сатылымға қойылған баспаналардың есебі дайындалуда. Айтарым, дүйсенбіге дейін үй мәселесін шешу жолы нақты белгілі болады, - деді аймақ басшысы.
Аудандардағы үйлердің бүгінгі жай-күйімен танысқан Даниал Ахметов, эвакуация пунктерде жатқан тұрғындармен кездесті.
Айта кету керек, барлық эвакуацияланған зыряндықтар жатар орын, киім-кешек, үш уақыт тамақпен қамтамасыз етілген.
«Жасалған жағдайға көңілдеріңіз толып жатыр ма?» деген облыс әкімі сауалына ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер «Тіпті төрт уақыт тамақ береді. Жақсы қарап жатыр. Көңіліміз тоқ» деп, жауап қайырды.
Алдағы таңда Катон-Қарағай ауданындағы Сенное елді мекені аумағында да мұз кептелісі туындау қаупі бар. Ондағы мұзды жару науқанын ертең бастауды тапсырды Даниал Ахметов.
Жалпы, бірер күнде өңір бойынша күн райы жылынып, температура көрсеткіші 17 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Сол себепті аймақты су алу қаупінің кезекті толқыны басталуы ықтимал. Оның алдын-алу шараларына жергілікті билік барынша дайындық жүргізуде.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: «Шығыс-Ақпарат»