Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 30 жылда бірінші рет Катонқарағай ауданында жеті көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Осы мақсатта 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, инвесторлар да тартылған. Нәтижесінде бірқатар көпбалалы жанұяның баспана мәселесі шешіледі.
Құрылыс жұмыстары аясында жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, жыл соңына дейін өңірдегі 562 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
– Жалпы, өңірдегі тұрғын үй құрылысы жыл сайын қарқынды жүргізілуде. Мердігерлердің жұмысына бақылау күшейтілді. Осы жылы 77 үй қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс 118 аумақта жүргізілуде. Бұл алты жарым мың пәтерді құрайды. Алдағы екі жылда 93 көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Барлық қаржы көздерін тарту арқылы 2020-2021 жылдары бір миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Мұндай көрсеткіш ШҚО-да еліміз тәуелсіздік алғалы бері болмаған, – деп хабарлады облыстық Ақпарат орталығы.
Бұдан бөлек, халыққа Өскемен мен Семейдегі инженерлік-коммуналдық желілер тартылған аумақтарға да жеке тұрғын үйлер салуға рұқсат берілген. Осы мақсатта тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға қолдау көрсетіліп жатыр.
Өңірдегі екі ірі қалада «Бірқабатты Шығыс» жобасы жүзеге асырылуда. Отбасы тұрғын үйдің жобасына қиналмай, билік өкілдері ұсынған бірнеше жобаның біреуін таңдай алады. Бұл тұрғын үй кезегіндегілерді азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде жеке және көпқабатты тұрғын үйлер салуға барлық жағдай жасалған.