KTZ Express компаниясы Қостанай – Нью-Йорк бағыты бойынша қазақстандық бидай ұнын жеткізуді ұйымдастырды, деп хабарлайды Dala News.
Жүк 2026 жылғы 10 наурызда жөнелтілген. Жалпы көлемі 24 тонна болатын өнімді еліміздегі ірі ұн өндірушілердің бірі – Salamat Company LLP компаниясы шығарған. Бұл жеткізілім қазақстандық өнімге халықаралық нарықтағы сұраныстың артып отырғанын көрсетеді.
Тасымал мультимодальды форматта жүзеге асырылды. Алдымен жүк теміржол арқылы Қостанайдан Ақтау портына жеткізіліп, кейін Каспий теңізі арқылы Әзербайжанның Алат портына жөнелтілген. Одан әрі жүк Грузияның Поти порты арқылы Қара теңізбен өтіп, Ыстамбұл арқылы Жерорта теңізіне шыққан.
Маршруттың соңғы кезеңінде жүк Атлант мұхиты арқылы АҚШ-тың Нью-Йорк портына жеткізіледі. Теңіз арқылы тасымалды әлемдегі ірі кеме компанияларының бірі CMA CGM жүзеге асыруда.
Жалпы транзит уақыты шамамен 58 күнді құрайды. KTZ Express компаниясы тасымалды толық бақылауда ұстап, логистикалық тізбектің сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
