ChatGPT-ге қатысты дау: Флорида билігі OpenAI-ді сотқа берді

ChatGPT-ге қатысты дау: Флорида билігі OpenAI-ді сотқа берді
Фото: JASON REDMOND / AFP/ East News

АҚШ-тың Флорида штаты OpenAI компаниясы мен оның бас директоры Сэм Альтманға қарсы сотқа талап арыз түсірді. Штат билігі ChatGPT платформасының балалар үшін қауіпсіз екені жөнінде пайдаланушыларды жаңылыстырды деп айыптап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер ChatGPT кейбір жағдайларда мектептердегі қарулы шабуылдарды жоспарлауы мүмкін адамдарға ақпарат бергенін, өзіне зиян келтіру туралы кеңестер ұсынғанын және жас қолданушылар арасында тәуелділік қалыптастыруға ықпал еткенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, Флорида OpenAI-ге қарсы сотқа жүгінген АҚШ-тағы алғашқы штат болды.

"Адамдар зардап шегіп жатыр, ата-аналар алданды. Ол үшін жауап беруі тиіс", – деді прокурор.

Талап арызда ChatGPT-пен сөйлескеннен кейін зорлық-зомбылық әрекеттеріне барған пайдаланушыларға қатысты жекелеген оқиғалар да келтірілген. Сонымен қатар прокурор Сэм Альтманды жауапкерлер қатарына жеке енгізгенін айтты. Оның сөзінше, компания басшысы билік қауіпті деп санайтын сервистің кейбір функцияларын дамыту мен насихаттауда маңызды рөл атқарған.

Флорида билігі OpenAI-ден миллиардтаған доллар көлемінде өтемақы өндіруді, сондай-ақ кәмелетке толмаған пайдаланушылармен өзара әрекеттесу тетіктерін өзгертуді талап етіп отыр.

Әзірге OpenAI бұл талапқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Бұған дейін компания өз модельдерінің зорлық-зомбылыққа ықпал етуі мүмкін сұраныстарды қабылдамауға үйретілгенін, ал нақты қауіп анықталған жағдайда ақпарат құқық қорғау органдарына берілетінін мәлімдеген.