Бюджет донорлары кімдер: Қазақстанның ең ірі салық төлеуші компаниялар тізімі

Кәмшат Тілеухан 05 қар. 2024 10:20 1163

2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 18,9 трлн теңгеге жетті, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артық көлем. Қазақстан бюджетін қампайту, негізінен тау-кен секторының үлесіне тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Finprom қарастырған Қазақстанның ең ірі 50 кәсіпорынның көшбасын "Теңізшевройл" ЖШС бастап тұр: өткен жылдың қорытындысы бойынша компания бюджетке 3,7 трлн теңге аударды. Сондай-ақ үздік бестікке "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В." (978 млрд теңге), "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ (319,6 млрд теңге), "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС (259,3 млрд) және "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В." филиалы (204,4 млрд теңге) енеді.

Бұл ретте аталған бес компанияның төртеуі салық түсімдерін айтарлықтай төмендеткенін баса айта кетелік: ТШО 17,8%-ға, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В." 30,1%-ға, "Маңғыстаумұнайгаз" 26,5%-ға, "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В." филиалы 14,5%-ға азайды. Бұл құбылыс 2023 жылы бүкіл мұнай секторына тән. Мұны мұнай көлемі өндірісінің қысқаруымен түсіндіруге болады.

Үздік бестіктен бөлек, 2023 жылы Қазақстанның ең ірі 15 салық төлеушісіне мыналар жатады:

  1. "Қазақстан Халық Банкі" АҚ - 203 млрд теңге;
  2. "Өзенмұнайгаз" АҚ - 198,1 млрд теңге;
  3. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС - 178,3 млрд теңге;
  4. "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС - 170,5 млрд теңге;
  5. "Азия газ құбыры" ЖШС - 167,8 млрд теңге;
  6. "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС - 159,5 млрд теңге;
  7. "Джей Ти Ай Қазақстан" ЖШС - 157,5 млрд теңге;
  8. "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС - 152,5 млрд теңге;
  9. "Ембімұнайгаз" АҚ - 145,9 млрд теңге;
  10. "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС - 139,2 млрд теңге.

Жалпы үздік 50-ге экономиканың мынадай сала кәсіпорындары жатады:

  • тау-кен өнеркәсібі және кен орындарын барлау - 23 компания;
  • өңдеу өнеркәсібі - 9 компания;
  • көтерме және бөлшек сауда - 7 компания;
  • ақпарат және байланыс - 3 компания, атап айтқанда ұялы байланыс операторлары;
  • қаржылық және сақтандыру қызметі - 3 компания;
  • көлік және қойма - 3 компания;
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет - 1 компания, атап айтқанда "ҚазМұнайГаз "ҰК"АҚ";
  • құрылыс - өз қызметін өндіруші секторға бағыттаған 1 компания.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар