Қазақстан халықаралық деңгейдегі тағы бір кино жобаның түсірілім алаңына айналды. Әлемге әйгілі актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чан Қазақстанда түсірілетін “Құдіретті сауыт-сайман: Ақтық шешім” фильмінің жұмысын ресми түрде бастады. Алматыда өткен жиында жобаның бас серіктесі Kaspi.kz компаниясы мен шығармашылық топ алдағы түсірілім жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шара барысында компанияның басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе әйгілі актерге Kaspi Gold картасын табыстады.
Оның айтуынша, компания үшін әлемдік кино жұлдызының жаңа жобасының Қазақстанда түсірілуіне қолдау көрсету – үлкен мәртебе.
"Бұл фильм елімізді әлемге жаңа қырынан танытып, Қазақстанға халықаралық аудиторияның назарын аударуға мүмкіндік береді. Джеки Чан Қазақстанмен бұрыннан таныс. Біз оның еліміздің күнделікті өмірін жақынырақ сезінуі үшін Kaspi Gold табыстауды жөн көрдік. Осы жобаға атсалысуға мүмкіндік берген Sәlem Entertainment пен Adal Investments компанияларына алғыс айтамыз. Джеки Чан мен шығармашылық топқа сәтті түсірілім және шабыт тілейміз", – деді Михаил Ломтадзе.
Өз кезегінде Джеки Чан Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, фильмнің жүзеге асуына үлес қосып жатқан барлық серіктеске ризашылығын білдірді.
"Қазақстанға қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен Kaspi.kz, Sәlem Entertainment, режиссерге және осы жобаның жүзеге асуына еңбек сіңірген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын. Түсірілімнің басталуын асыға күтіп жүрмін. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сонымен қатар мұндай жобалар ерекше шабыт пен зор қуаныш сыйлайды. Баршаңызға рақмет", – деді актер.
"Құдіретті сауыт-сайман" – әлем бойынша бірнеше буын көрерменнің ықыласына ие болған әйгілі шытырман оқиғалы франшиза. Жаңа фильмде Джеки Чан сомдайтын кейіпкердің оқиғасы жалғасын табады.
Түсірілім жұмыстары Алматы және Маңғыстау облыстарында жүргізіліп жатыр. Жоба авторларының мәліметінше, бұл орындарды Джеки Чан 2025 жылдың соңында Қазақстанға жасаған сапары кезінде өзі таңдаған.
Фильмді Sәlem Entertainment пен Adal Investments компаниялары жүзеге асырып жатыр. Туындының тұсаукесері 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.