«INVEST CARAVAN» акциясы аясында Целиноград ауданының прокуроры уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жана Сервис 2007» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері бойынша көшпелі жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу барысында жобаны іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар тарапынан әкімшілік кедергілерге жол бермеу мәселелері талқыланды. Қорытындысы бойынша жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берілді.
«Жана Сервис 2007» ЖШС құны 4 млрд теңгені құрайтын автоклавты газоблоктар өндіретін жаңа зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынның жобалық қуаты тәулігіне 810 текше метр өнімді құрайды, 120 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 99%-ға аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы прокуратура жұмысы жалғасуда.