“Битумды шәугіммен құйған”. Жамбыл облысының тұрғындары жол құрылысына наразы

Қаракөз Амантай 11 қар. 2024 09:25 1009

Жамбыл облысының Меркі ауданында асфальтты талапқа сай төсемеген құрылыс компанияларының әрекеті жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал ауыл әкімдері жұмысы толық аяқталмаған мердігерлерге 305 миллион теңге аударған.

Мәселен, Ақарал ауылында асфальт төсеу сапасы талаптарға мүлде сәйкес келмеген. Алғашында мердігерлер жолды тар етіп жасаған, кейін тұрғындардың талабынан соң кеңейтуге тырысыпты. Алайда компанияның жабдықтары толық болмағандықтан, битумды топырақ үстіне шәугіммен құйған. Ауыл тұрғыны Рысбүбі Жұматаева мердігерлердің жұмысын сынап, екі көлік өтетін жолдың тым тар екенін және кей бөліктерінің бітпей қалғанын айтты.

Аудандық жолдарды басқаруға жауапты бөлім басшысы Ербол Акек ауыл көшелерін асфальттауға бөлінген қаражат көлемін нақты білмейтінін мойындады, бірақ кемшіліктерді жоюға уәде берді.

“Техниканың бәрі дайын, тек асфальт төсеуші маман таппай отырмыз. Жақын күндері мәселе шешіледі деп сенеміз”, – деп түсіндірді ол 24kz агенттігіне.

Бұл мәселе тек Ақарал ауылымен шектелмей, Сармолдаев пен Ақермен елді мекендерінің әкімдерін де қамтыды. Осы ауылдардағы 20 көше асфальтталуға тиіс еді, алайда кейбір жолдар толық аяқталмаған немесе қалыңдығы талапқа сай келмейді. 67 миллион теңгеге жасалуы тиіс жұмыстардың мүлде орындалмағаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері бұзушылықтарды дер кезінде тіркеп, үш ауыл әкіміне сөгіс берілді.

“Жолдар толығымен пайдалануға берілгенде, ауыл әкімдері тәртіптік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылар еді”, – деп түсіндірді 24kz агенттігіне СЖҚІҚА жол басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Бәйгебаев.

Антикор қызметінің араласуынан кейін әкімдер мен мердігерлер жұмысты талапқа сай аяқтауға уәде берді. Жалпы, биыл аудан жолдарын жөндеуге 1 миллиард 647 миллион теңге бөлініп, бұл қаражаттың игерілуі енді мұқият бақыланатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар