Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Процесс барысында марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Куәгер Аида Ахмедина оқиға болған күні олармен бірге концертке барған. Оның сөзінше, Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевпен арадағы жайттарды бұған дейін де бірнеше рет айтқан.
Ал концертте олар сөзге келе бастаған.
"Салтаның жанында отырдым. "Неге ұрысып жатсыңдар?" деп сұрадым. "Бәрі дұрыс" деді. Олар бірдеңеге келісе алмай жатты. Мен Қуандыққа "неге ұрысып жатсыңдар, концерттеміз ғой" дедім. Кейін сахнаға қарап отырдық. Бір кезде Қуандық Салтанатқа бірдеңе айтып жатты. Салтанат жылай бастады. Мен оған сыртқа шығып келуді ұсындым. "Жоқ, біз сөйлесіп отырмыз" деді де көз жасын сүртті. Бір кезде Салта тұрып кетті, сөйтіп олар кетіп қалды. Мен олар кетіп бара жатыр деп ойламадым, қазір келетін шығар деп отырдым. Бір кезде Салтадан хабарлама келді. "Менің нөмірім (гардеробтағы нөмір) сол жақта" деді. Олар кеткісі келетін шығар деп өзім де шықтым. Олар киім ауыстыратын жерде болмады. Дәретханада да болмады. Кетіп қалды ма деп ойладым", - деді куәгер.
Сонымен қатар, ол Бишімбаев Нүкеноваға концерт кезінде не айтқанын естімегенін, тек бір сәт есінде екенін айтты.
"Білмеймін. Салта "мен сен үшін бәрін істедім" деді. Бишімбаев "бәрі деген не?" деді", - деп еске алды ол.
Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.