Бишімбаев ісі: Нүкенованың көмекшісі сотта куәлік етті

Сағыныш Сардарова 10 сәу. 2024 16:29 1896

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың көмекшісі Анар Тасова куәлік етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Салтанат Нүкенова астрологиялық болжамдар бойынша ақылы кеңестер өткізген. Ал Анар Тасова оған бұл жұмыста көмектескен. 

Сот отырысында куәлік еткен Тасова Нүкенова мен Бишімбаевтың арақатынасы туралы да айтты. Оның сөзінше, Нүкенова оған бірнеше рет Бишімбаев жұмыс істеуге тыйым салғанын айтқан. Сонымен қатар, ол былтыр Шымкентте Салтанатпен кездескен кезде денесінен жарақат көрген.

"Олардың үйіне барғанда, Салтанат шықты. Бірінші байқағаным: оның мүлде көңіл күйі болмады. Ол алға (көліктің алдыңғы орнына - еск.) отырды, сол жағында қылғындырған белгілер, арқан іздері барын көрдім. Оның сол жағы көгеріп тұрды. Бірден жаман ой келді. Біз кофе ішетін орында отырдық.

Әңгіме барысында ол Қуандық тиран екенін айтты. Құрбыларымен, әпкелерімен сөйлесуге рұқсат бермейтінін, үнемі оның бақылауында екенін жеткізді. Біз шамамен 2-3 сағат отырдық, осы уақыт ішінде оның көңіл күйі болмады. Көбіне олардың қарым-қатынасы туралы айтты. Үнемі айғай-шу екенін, оны бақылап отыратынын да айтты", - деді Тасова.

Куәгер Салтанат Қуандыққа тұрмысқа шыққанға дейін жақсы табыс тапқанын, яғни табысы айына шамамен 3-4 миллион теңге болғанын айтты. Сонымен қатар, ол марқұм өз жұмысын жақсы көргенін әрі оның жұмысына көңілі толатын клиенттері де болғанын жеткізді.

Кейінірек куәгер Нүкеновамен арадағы хаттарды оқып берді. Жеке хаттарда жұмыс барысы туралы әңгімелер айтылған.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар